Бүгін жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заңның жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның айтуынша, кодекс Президенттің 2022 және 2023 жылдардағы Жолдауларында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген. Жаңа құжат елдің салық жүйесін жаңғыртуды көздейді: бизнес пен азаматтар үшін бірқатар маңызды жеңілдіктер мен жаңалықтарды қамтиды.
"Заң жобасы жаңа Салық кодексі жобасына сәйкестендіру қажеттілігіне байланысты әзірленді және Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 19 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Комитет бұл заң жобаларын қарауға және олар бойынша қорытынды дайындауға дайын", - деді Татьяна Савельева.
822 баптан тұратын жаңа Салық кодексі бизнес үшін салық жүктемесін азайтуға және экономиканы дамытуға ықпал етпек.
Жаңа кодексте көзделген басты жаңалықтардың бірі – кейбір салалар үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) қайта сараланады: қайта инвестициялауды ынталандыру үшін салық жеңілдіктері қарастыралмақ.
Сонымен қатар заң жобасында салықтар мен міндетті төлемдердің санын қысқарту, шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық режимдерін оңтайландыру және салықтық жеңілдіктерді бақылау жүйесін жетілдіру қарастырылған.
Бұл шаралар кәсіпкерлерге жеңілдетілген салық жүйесін ұсынып, олардың инвестиция салуға деген ынтасын арттыруды көздейді.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін қабылдауды келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Оның сапалы әзірленуін қамтамасыз ету үшін Президент осындай маңызды мәселеде асығыстыққа жол берілмейтінін атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, құжатты Үкімет пен Парламентте тереңірек талқылап, оны пысықтау үшін уақыт қажет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!