“Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған “таңдаулы тұлғалар“ болмауы керек“ - Тоқаев

“Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған “таңдаулы тұлғалар“ болмауы керек“ - Тоқаев
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің айтуынша, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады.

"Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Кейбір партиялар Парламентпен қатар барлық деңгейдегі мәслихатты пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың даусы, пікірі жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным. Талқылау кезінде маған Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған "таңдаулы тұлғалар" болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алып тасталады", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны да алып тастауды ұсынғандар болған.

"Бірақ бұл – мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ, еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілді ескеретін маңызды талап. Сол себепті осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын. Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды. Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінде осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті. Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі - соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын", - деді Президент.

Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр.

"Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастырамыз. Басты мақсатымыз да осы. Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ. Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттырады. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін", - деді Тоқаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget