Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа өзгерістер туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір еліміздегі 8 мыңнан аса мектепте 4,1 миллион оқушы білім аліп жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшті. Былтырғы оқу жылында 230 мыңнан аса оқушы мектеп бітірді.
Жаңа міндетті пәндер енгізіледі
Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курсымен толықтырылады:
- 5-7-сынып оқушыларына "Конституция негіздері" пәні;
- 8-11-сыныптарда "Заң және тәртіп" міндетті оқу курсы;
- 5-11-сынып оқушыларына "Жеке қауіпсіздік" міндетті оқу курсы енгізіледі.
- Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген "Құқық негіздері" курсы барлық оқушыға міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілген.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова/ сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі
ЖИ технологиялары кезең-кезеңімен енгізіледі
Өңірлерде қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту үшін жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, жаңа жоба іске қосылады.
"1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Ал 2029 жылға дейін бұл жоба барлық 2 600 шағын жинақты мектепке енгізіледі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова