- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа оқу жылына...
Жаңа оқу жылына орай уәде етілген ҚазҰУ жатақханасы неге пайдалануға берілмеді?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдерінің депутаттарға берген уәделеріне қарамастан, су жаңа студенттік жатақхана орнында тек бос жер жатыр. Уәде етілген құрылыс бітпек түгіл әлі басталмаған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңғыртылуы керек болған университет қалашығында не мәселе? Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.
Құрылысы бітпеген ҚазҰУ жатақханасы
Жаз басында Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау жұмыс сапарымен еліміздегі бірнеше оқу орындарында болып, жатақханаларға ерекше назар аударған еді. Партиялықтар барған университеттердің бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ болды. 12 шілдеде ҚазҰУ-ға Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Ақерке Абылайхан және мәслихат депутаты Салтанат Серікова да арнайы атбасын тіреді. Сапар барысында университет өкілдері 9 қабатты жаңа заманауи жатақхананың жобасын көрсеткен. Университет жатақхана құрылысы 1 қыркүйекке дейін бітетінін, бұндай жобалар қысқа мерзімде аяқталатынын жеткізген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Десе де, 27 тамызда, арада 1,5 ай өткеннен кейін берілген уәделердің растығын тексеру үшін Respublica партиясының қалалық мәслихат депутаты Салтанат Серікова мен партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Сұңғат Райымбек ҚазҰУ-ға арнайы келді. Алайда жатақхана құрылысының орнында адам баласы жоқ, қаңыраған жер жатыр.
© Сурет: Жатақхана салыну керек орын / Нұрбол Ынтамақұлы
© Сурет: Жатақхана салыну керек орын / Нұрбол Ынтамақұлы
1,5 ай бұрын ҚазҰУ қалашығына келіп кеткенбіз. Сонда 1 қыркүйекке дейін жаңа жатақхана салады деген еді. 27 тамыз қайта келіп тұрмыз, жатақхананың түрі мынау, - дейді Салтанат Серікова
3180 орынға арналған, заманауи үш жатақхананың іргетасын қалау рәсімі 2023 жылы желтоқсанда салтанатты түрде өткен еді. Тіпті Президент тапсырмасымен, ҚР Үкіметінің қолдауымен жаңадан бой көтеретін жатақханаларға сәуір айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен естелік капсула салынған.
© Сурет: Жансейіт Түймебаев / Жатақхана іргетасын қалау рәсімі, 2023 жыл / Нұрбол Ынтамақұлы
© Сурет: Жатақхана іргетасын қалау рәсімі, 2023 жыл / Нұрбол Ынтамақұлы
ҚазҰУ қалашығында салыну керек жатақхана әдемі, тек сызбада
1,24 гектарға салынатын 9 қабатты үш жатақхананың жалпы ауданы 49 703,94 шаршы метрді қамтуы тиіс. Сызба бойынша студенттер үйінің әр қабатында заманауи оқу залдары, демалыс орындары, асхана, кофехана, спортзал, тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Жатақхананың студенттер жататын әр бөлмесі 4 адамға арналып, ауданы 70 шаршы метр болуы тиіс. Оның үстіне жоспар бойынша үш жатақханада да инклюзивті білім беру талаптарын орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі білім алушы жастарға арнайы 132 төсек-орын қарастырылыпты. Бірақ бәрі әзірге сызбада ғана.
© Сурет: Жатақхана макеті / Нұрбол Ынтамақұлы
© Сурет: Жатақхана макеті / Нұрбол Ынтамақұлы
"Біз келгенде жауапты мамандар құрылыс жоспарын, сметасын көрсетті. Оқу жылы басталғанда әдемі ғимарат бой көтеру керек болған. Күні-түні жұмыс жасап, 1 қыркүйекке дейін бітіреміз деп уәде берді. Бірақ біз байқағандай, мұнда қоқыстан басқа ештеңе жоқ", - дейді Сұңғат Райымбек.
Еске сала кетейік, 2022 жылы 1 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметімен танысып, ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңінің Бас жоспарына үлкен қолдау білдірген болатын. Ал 2023 жылдың 7 қараша күні Мемлекет басшысы білім ордасының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдап, университет қалашығын жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген.
1500 студентке жатақхана жетіспейді, 3000 орындық жатақхана құрылысы кейінге қалды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері жатақхана құрылысының әлі басталмауына қатысты ресми сауалымызға келесідей жауап қатты:
"Кенже Холдинг" ЖШС арасындағы консорциум құру туралы келісімге сәйкес, 3180 орындық жатақхана құрылысының аяқталу мерзімі 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін белгіленді. Осы жатақханаларды пайдалануға беру бойынша барлық міндеттер инвестор «Кенже Холдинг» ЖШС компаниясына жүктелді", - дейді университет өкілдері
Университетке осы оқу жылында жатақханаға тұру туралы 8,5 мыңнан аса өтініш түссе, соның 1,5 мың өтінішін қанағаттандыру мүмкін болмай отырған көрінеді.
"2024-2025 оқу жылында жатақханадан орын алуға өтініш білдірген студенттер саны – 8583. Орын берілген студенттер саны – 7135 (соның ішінде университет жатақханаларынан – 5938 орын, сырттан жалға алған жатақханалардан – 300 орын, хостелдерден – 897 орын). Қалған 1448 студентті қаладағы хостел мен қонақ үй, жатақханаларға орналастыруға тырысып жатырмыз", - дейді университет өкілдері
Университетте алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс аясында жобамен 5703 орындық 6 жатақхана салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Десе де, осындай ырғақпен ол жатақханалардың пайдалануға берілу уақыты алыс секілді.
Университетке арнайы жолдаған сауалымызға орай тек жатақхана құрылысының келесі жылға қалдырылғаны ғана айтылыпты. Берген уәде неге орындалмады? Университет басшылығынан толыққанды жауап күтеміз.
Н. Ынтымақұлы