Жаңа министр Айдос Мырзахметов туралы не белгілі?

Жаңа министр Айдос Мырзахметов туралы не белгілі?
Фото: Massaget.kz коллажы

Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды. Massaget.kz тілшісі ол туралы белгілі деректерді назарларыңызға ұсынады.

Өмірбаяны

Айдос Мырзахметов - жиырма жылдан аса уақытын әскери қызметке арнаған кәсіби офицер.

1981 жылы 12 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген.

2002 жылы Қарулы Күштердің Әскери академиясын үздік тәмамдады. Кейінгі жылдары ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік күзет жүйесінде жедел және командалық даярлық курстарынан өтті.

Министрліктің мәліметінше, Айдос Мырзахметов Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметінде офицерлік қызметтің барлық сатысынан өтіп, командалық және басшылық лауазымдарды атқарған.

2024 жылғы қаңтарда Қазақстан Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.

2025 жылы Ұлттық қорғаныс университетін бітірді.

2022 жылы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған. Айдос Мырзахметов үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрін қабылдады

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын күшейту және әскери басқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне баса назар аударды. Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін негізгі басымдық болуы керек екенін атап өтті.

Президент кәсіби даярлықтың сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде міндеттер жүктеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget