- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа мектептер мен...
Жаңа мектептер мен балабақшалар салуға 17,3 млрд теңге бөлінді
Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының игерілмеген қаржысын білім ошақтарының құрылысына жұмсау жайы пысықталды.
Бұл ретте Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов келер жылы еліміздегі 40-қа жуық апатты және үш ауысымдық мектепті қайта салуға қаржы қажеттігін алға тартты. Сала басшысы Кәрім Мәсімовке демографиялық өсімге байланысты аталған әлеуметтік нысандарға сұраныс ұлғайғанын жеткізді. Жалпы биыл елуге тарта жаңа оқу ошақтары мен балабақшаларды салуға 17,3 миллиард теңге бөлінген.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі: - Келесі жылға 40-қа жақын жаңа объектілерді салу керек. Сол мәселені көтердік. Мысалы, биыл 175 жаңа мектеп салынды. Бізге қосымша ақша беретін болса, апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін толық шешетін боламыз.
Отырыс барысында ел тарихындағы екінші жекешелендіру науқаны да сараланды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов шара басталған 1,5 жылдың ішінде еліміз бойынша 218 нысан дара тұлғалардың иелігіне өткенін айтты. Бұл көрсеткішті арттыру үшін тиісті ведомство сатылым қабілеті зор 65 мемлекеттік кәсіпорынның тізімін жариялады. Оның үстіне жыл соңына дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «ҚазАгроҚаржы» ұйымының бірнеше компаниясы жекеменшікке беріледі. Жиында ел экономикасындағы инвестициялық ахуалды министр Әсет Исекешов баяндады. Бүгінде кейбір салаларға шетелден тартылған капитал мөлшері едәуір азайған. Осыған байланысты Үкімет басшысы бұл көрсеткішті қайта көтеруге бағытталған жұмыс жоспарын ай соңына дейін дайындауды тапсырды.
Әсет Исекешов, ҚР Инвестициялар және даму министрі: - Инвестиция тарту жағдайын жақсарту бойынша Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында бұл жұмысқа тұсау болған 12 кедергі анықталды. Сондықтан қазір бірнеше министрлікпен тиісті заң нормаларын қарап шықтық. Келер жылдан аталған мәселелер реттеліп, қалталы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалады.
Дереккөз: 24.kz
Е. Жұмабайұлы