Жаңа құқықтық жүйе Тоқаевқа сайлауға түсуге мүмкіндік береді

Жаңа құқықтық жүйе Тоқаевқа сайлауға түсуге мүмкіндік береді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстанның Конституциялық соты жаңа Конституция нормаларына ресми түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот Президенттің Конституцияның 43-бабы 1-тармағының, 72-бабы 2 және 3-тармақтарының, 83-бабы 1-тармағының және 84-бабы 3-тармағының ережелерін ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

Өтініште "лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы 1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы 3-тармағында көрсетілген қызметке сайлана ала ма не лауазымға тағайындала ала ма?" деген сауал қойылған.

Конституциялық сот конституциялық нормалардың мазмұнына сәйкес ондағы шектеулер тек қолданыстағы Конституцияда және соған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен адамның осы лауазымға бұрын сайланғаны немесе тағайындалғанына ғана қатысты екенін атап өтті.

Сондай-ақ, сот Конституцияда тиісті лауазымдарда болған мерзімді, сондай-ақ, 1995 жылғы Конституция қолданылған кезеңде сайлану немесе тағайындалу дерегін есепке алуды көздейтін ережелер жоқ екенін мәлімдеді.

Демек, адамның осы лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде атқаруы Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық-құқықтық кедергі болып саналмайды.

Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот мынадай ресми түсінік берді:

"Осы лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек".

Конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget