Жаңа Конституцияға байланысты референдум: дауыс беру басталды

Жаңа Конституцияға байланысты референдумда дауыс беру басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дауыс беру 15 наурызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Орталық референдум комиссиясының референдум қорытындысы туралы ресми хабарламасы дауыс беру өткізілген күннен бастап 7 күннен кешіктірілмей, яғни 21 наурызға дейін БАҚ-та жарияланады. 

Бюллетеньде "иә, қабылдаймын" және "жоқ, қабылдамаймын" деген екі нұсқа көрсетілген.

ОСК

Бюллетень алу үшін учаскеде жеке куәлік немесе паспорт көрсету қажет (соның ішінде eGov Mobile, Kaspi.kz немесе Halyk қосымшаларындағы цифрлық құжат та жарамды).

Референдумға барлық сайлаушының жартысынан көбі қатысса, ол өтті деп есептеледі. Учаскелерге келген азаматтардың көпшілігі қолдаған жағдайда Жаңа Конституция қабылданады.

Жаңа Конституцияға байланысты референдум

Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.

Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. 

2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған. 

Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!