Жаңа Конституцияға байланысты референдум: алдын ала қорытынды жарияланды

Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 482 мың 613 адам болған. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны - 9 миллион 127 мың 192 адам немесе 73,12 пайызы.

Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс берушілердің 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған.

"Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны - 7 миллион 954 мың 667 адам немесе 87,15 пайызы", - деп жазылған мәліметте.

 

Жаңа Конституцияға байланысты референдум

Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.

Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. 

2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған. 

Дауыс беру 15 наурызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті.

Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!