Жаңа Конституция күшіне енді: қандай өзгерістер болады?

Жаңа Конституция күшіне енді: қандай өзгерістер болады?
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

1 шілдеде Қазақстанда 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде өз күшіне енді. 1995 жылғы заң қос палаталы Парламент және биліктің бұрынғы архитектурасымен бірге тарих қойнауына енді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Идея қайдан бастау алды?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қаңтардағы Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзі бұған бастау болды. Мемлекет басшысы сол кезде негізгі заң жүйелі жаңартылуы қажет екенін мәлімдеген болатын.

21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына 130-ға жуық адам, яғни депутаттар, заңгерлер, сарапшылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Комиссияны Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова басқарды, ал оның орынбасары сол кездегі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин болды.

Комиссия 12 отырыс өткізді, олардың әрқайсы адам құқығынан бастап, экология мен мемлекеттік құрылымға дейінгі жеке блоктарға арналды. Азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс түскені айтылды.

11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.

Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. 

2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Ал референдумда дауыс беру 15 наурызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті.

Tengrinews.kz

Енді не өзгереді?

Жаңа Конституция күшіне енген соң Парламенттің қос палатасы, яғни Мәжіліс пен Сенат қызметін тоқтатты. Бір ай ішінде Президент жаңа бірпалаталы Парламент - Құрылтайға сайлау жариялауға тиіс, ал оны екі ай ішінде өткізу қажет.

Мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесінде вице-президент лауазымы пайда болады. Оны Құрылтайдың келісімімен Мемлекет басшысы тағайындайды. Вице-президенттің міндетіне Парламентте Мемлекет басшысының мүддесін білдіру, халықаралық іс-шараларға қатысу, сондай-ақ, Президенттің өзге де тапсырмаларын орындау кіреді.

Сонымен қатар, елімізде Халық кеңесі жұмысын бастайды. Бұл орган жоғарғы консультативтік алаңға айналып, заңнамаға бастамалар көтеру құқығына ие болады. Халық кеңесі ел дамуының маңызды мәселелерін талқылау кезінде мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылға септігін тигізуі қажет.

Жаңа Конституцияның 95-бабына сәйкес құжат күшіне енген күннен бастап (яғни 21 шілдеден бастап) екі ай ішінде мына тұлғалар тағайындалуға тиіс:

  • Бас прокурор;
  • Ұлттық банк төрағасы;
  • Жоғарғы сот төрағасы;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы;
  • Жоғары сот кеңесінің төрағасы;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, сайлаудан кейін Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады.

"Биыл қыркүйекте Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тапсыруға тиіс. Осыдан кейін Құрылтайдың келісімімен Конституцияда қарастырылған басқа да лауазымды тұлғалар тағайындалады", - деді министр бұған дейін.

Ол вице-президент келесі кезеңде, яғни қыркүйекте тағайындалатынын да нақтылады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget