Жаңа Қазақстан. Елде не өзгерді?

2022 жылы 16 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдау жасады. Президент бірқатар саяси реформалар енгізіп, әлеуметтік-экономикалық шараларды жариялады. Жаңа Қазақстан халыққа қандай жақсылықтар сыйлады? Massaget.kz тілшісі сарапшылармен бірге саралап көрді. 

Жолдауда көзделген реформалар саяси, әлеуметтік, экономикалық бағыттарды қамтыды. Олар 2022 жылдың 5 маусымында өткен Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум арқылы заңды түрде бекітілген еді.

Жаңа Қазақстан несімен жарылқады?

Саясаттанушы Асхат Қасенғали бұрын болмаған, саяси реформадан кейін жеткен жетістіктер мен мүмкіндіктерді атап берді. 

Экономиканы әртараптандыру

"Экономиканың басым бөлігін шикізат ресурсына, оның ішінде мұнай-газ саласына байлап қою, тәуекелі көп дүние деп санаймын. Барлығымыз да КСРО мысалын білеміз ғой. "Мұнай қарғысы" терминін экономистер жадынан шығарған емес. Біздің бюджетіміз мұнайдың бағасына сәйкес болжам жасалады. Барреліне 60 болса былай, 70 болса былай дегендей. Ал мұнайдың бағасы сыртқы факторға, әлемдегі алпауыттардың қарым-қатынасына, ОПЕК-тің қас-қабағына байланысты. Сондықтан да бұл бізге ұзақмерзімді жоспар құруда кедергі болуда. Дегенмен қазіргі уақытта ақырындап, экономиканы әртараптандыруға бағыт алудың алғышарттары жасалып жатыр. Оның жемісін дәп қазір көрмесек те, болашақта көреміз деп ойлаймын", - деп атап өтті ол. 

Транзитті капиталға айналдыру

"Қазақстан өз аумағын транзиттеу мүмкіндігі ретінде ұсынып, оны капиталға айналдыруға тырысуда. Транскаспий бағыты, Қытай тауарларын Еуропаға жеткізудегі басты құрлық жолы ретінде өзін ұсынуға тырысу немесе Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі. Бұл - транзиттік мүмкіндіктер деген сөз. Дәл осы жобаларды ірі басқосулар мен державаларға Қазақстан ұсынып келеді және бұл дұрыс", - дейді саясаттанушы. 

Тарихшы Мэльс Қуанышқалиев те ел тарихында реформадан кейін келген жаңашылдықтар жайлы сөз етті. 

"Ұлттық қордан - балаларға"

"Биыл 1 қаңтардан бастап ұлттық қордан балаларға қаражат беріле бастады. Бұл бастама елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі. Тарихи перспективадан алғанда мұндай саясаттар мемлекеттің өз ресурстарын әділетті бөлуді көздейтін "әлеуметтік келісім" үлгілеріне сәйкес келеді. Осындай тәжірибелер әлем тарихында бірнеше елде іске асырылды, мысалы, Норвегия, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктерінде табиғи ресурстардан түскен кірістер халықтың болашағы үшін қор ретінде сақталып, пайдаланылды", - деді ол. 

Назарбаев кланының әшкереленуі

"Мемлекет басшысы 2022 жылдың қаңтарында елдегі байлықтың жартысы 162 адамға ғана тиесілі, ал халықтың жартысының табысы 50 000 теңгеден аспайтынын айтқан болатын. Осы сөздерден кейін және енгізілген саяси реформалардан кейін Назарбаевтың туыстары иелік етіп отырған біршама дүниелер әшкереленген еді. Мұның өзі жемқорлыққа қарсы ашық жетістік", - деді тарихшы. 

"Жайлы мектеп" жобасы 

"Қазақстан Үкіметі 2022 жылдың қарашасында "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасын қабылдады. Ол мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде қолға алынған. Бұл мектептер кезіндегі жемқорлардың қайтарылған ақшасына салынып отыр. Бұл да Жаңа Қазақстанның тағы бір жетістігі", - деп атап өтті Мэльс Қуанышқалиев.

фото: Тұрар Қазанғапов

Үміт пен күдік

Саяси сарапшының айтуынша, Жаңа Қазақстанның арқасында қол жеткізген жетістіктерімізден бөлек, әлі де ден қою керек дүниелер бар. Ол елдегі сайлау жүйесіне сілкініс қажеттігін айтты.  

"Ауыл және аудан әкімдерін сайлауға көңілім толмайды. Өзім бірқатар аймақтағы сайлауларды байқадым. Кей аймақта дауыс беруші азаматтар кандидаттың біліктілігіне емес, оның шығу тегіне, аймағына, руына баса мән беріп, дауыс беретінін көрдім. Менің ойымша, бұл бірқатар аймақта білдей бір елді мекенді басқаруда біліксіз мамандардың басшылық қызметке келуіне ықпал етеді. Сол себепті билік әзірге ауыл, аудан әкімдерін сайлауда асығыстық танытпағанын қалар едім", - деді Асхан Қасенғали. 

Сондай-ақ ол латын әліпбиіне көшу процесін қайта қолға алудың маңыздылығын атады. 

"Қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу процесі де баяулап қалды. Осы мәселеде билік батыл қадамдар жасауы қажет деп санаймын. Латын әліпбиін талқылау, оны бекітуге қатысты нұсқаларды жандандыру маңызды", - деп қосты сарапшы. 

 фото: Тұрар Қазанғапов

"Республика күні қастерлі дата"

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Республика күнінің маңызын және оның Жаңа Қазақстандағы алар орны жайлы ойын бөлісті. 

"Бұл мерекенің маңызы жоғары. Мемлекеттің егемендік туралы декларация қабылданған күн. Идеологиялық, саяси, тарихи маңызы терең дата. Тәуелсіздік күні, Желтоқсан оқиғасы және Республика күні біртұтас идеологиялық ұғымның аясында топтасады деп ойлаймын. Сондықтан да қастерлі дата. Қателеспесем, 2009 жылы мемлекеттік мереке датасынан алынып тасталды. Ал оған дейін атап өтетінбіз. Сол себепті де қастерлі, идеологиялық маңызды мерекенің қайта оралғаны жақсы", - деп атап өтті ол. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!