- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа жылға Үкіметтің...
Жаңа жылға Үкіметтің қазіргі құрамымен аяқ басуға бола ма? Смайылов Тоқаевтың сұрағы туралы айтты
Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет құрамына қатысты сұрағы туралы айтты. Ол әрбір министрден үлкен жауапкершілік күтілетінін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысының сөзінше, халық нақты әрі оң бағыттағы өзгерістерді күтіп отыр.
"Жақында Президент сайлауы өтті. Оған дейін Конституцияға өзгертулер енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдағы 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуы тиіс. Қоғам бізден нақты, оң өзгерістер күтіп отыр. Бағыт айқын. Өзара байланысты үш қағидатқа, яғни Әділетті мемлекет - Әділетті экономика - Әділетті қоғамға негізделген жаңа мемлекеттік саясатты қалыптастыру. Осы мақсатқа жету үшін барлық тиісті жұмысты атқаруымыз керек", - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, Смайылов Президенттің сауалы туралы да айтты.
"Мемлекет басшысы бізден "Жаңа жылға Үкіметтің қазіргі құрамымен аяқ басуға бола ма" деген сұраққа нақты жауап күтеді. Мен Премьер-министр ретінде Президент жүктеген міндеттерді орындауға әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын. Осында отырған әрбір Үкімет мүшесінен де нақты жұмыс күтіліп отыр. Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын десеңіздер қазірден орынды босатыңыздар! Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Сонда көздеген мақсатқа жетуге болады", - деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов әрбір министр Президент тапсырмасы бойынша жұмыс тәсілін ұсыну керегін мәлімдеді.
"Бүгін Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларды талқылаймыз. Республикалық штаб құрылды. Оның құрамына орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың барлық бірінші басшылары кірді. Штаб отырыстарын жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарының әрбір қадамы тұрақты бақылауда болады. Осы жоспардың барлық тармағының орындалуы үшін бірінші басшы тікелей жауапты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бірқатар бағыт бойынша қатаң сын айтты. Әр министр Президент тапсырмалары мен іс-қимыл жоспарының тармақтарын орындау жөнінде жұмыс тәсілін ұсынуы тиіс", - деді Әлихан Смайылов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова