Қылышын сүйретіп қыс келеді. Қараша түссе қабырғадан қара суық есетін Алматының күн райы да қаталдау. Сондықтан да биылғы қысқа Ермек Өсербаевтың отбасы ерте бастан қам жасаған. Қанша жылдан бері тірнектеп жинаған дүниесіне үй салып, күн суытпай кіріп алуды мақсат тұтса да, үлкен үйді жылытудың жолын табу қиынға соғып келген. Себебі газ кіргізу үшін қыруар қаржы қажет, үй ішін жылытуға арналған құрылғылары мен батареяларын орнатудың өзі аз шығын емес.
Ермек Өсербаев мен Гүлназ Жақыпова 4 бала өсіріп отырған үлгілі отбасы, көпбалалылар санатына енеді. Бүгінде көпбалалы отбасылар үшін мемлекет тарапынан және кей компаниялар есебінен көмектер көптеп қарастырылған. Жуырда Өкетаевтар отбасы да сондай жеңілдікке ие болып, үйіне тегін газ тартқызып алды. 15 жыл көмір жаққан үй иелерінің қыс алдындағы қуанышына ортақтасып, тілдесіп қайттық.
Алматы қаласы, Алатау ауданы, "Томирис" шағын ауданында тұратын отбасы бізді жылы қарсы алды. Отағасы демалыс күнінде үйдің жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрсе, Гүлназ ханым үйдің шаруасын реттестіруде екен. Ал бұл ауданға көшіп келгендеріне 15 жылға жуықтаған.
Алғашында аядай ғана бөлмесі бар үй соққан. Сонда тұрып, үлкен үйді бастап аяқтаймыз дегенше бірталай жылдың жүзі өте шыққан.
Ермек Өкетайұлы Нарынқол өңірінің тумасы. Қолынан іс келетін, бесаспап, ісмер азамат екені бірден байқалды. Олай дейтініміз, үйдің іргетасы қаланғаннан бастап, құрылыс жұмыстарын өз қолымен жасап келеді екен. Ертерек аяқтап, үлкен үйге қоныс аударсақ дейді.
Қалада күзетші болып жұмыс істеймін. Бір күн жұмыста болып, екі күн демаламын. Сол бос күндері үйдегі жұмыспен айналысамын. Бәрін өз қолыммен жасаймын. Құрылыс материалдары да қымбаттап жатыр. Ақырындап бітірмесек, жағдай көтермейді. Мен өзім жер үйді жақсы көремін. Өз жағдайыңды жасайсың. Бау-бақша, жемістеріңді егесің. Өмір сүруге қолайлы. - дейді отағасы.
Ермектің жұбайы Гүлназ ашық-жарқын, мінезі жайдары жан екен. Ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша маман иесі. Бұған дейін өз саласы бойынша қызмет те атқарған. Кейінгі жылдары ғана жұмыстан қол үзген. Ал қазіргі аудандары құрылған сәтте бірінші болып көшіп келгендердің қатарында.
Біз бұл жерге алғаш келгендердің біріміз. Ол кезде шағын аудан енді ғана құрылып жатқан. 2010 жылдан бастап жердің құжаттарын бере бастады. Біз шағын бөлмесі бар үйді соғып қоныстандық. Бүгінде көпбалалы отбасымыз. Жұбайым екеуміз 4 баланы тәрбиелеп, оқытып отырмыз, - дейді Гүлназ.
Өкетаевтар отбасы бүгінде есік алдынан соққан үлкен үйіне көшуді асыға күтіп жүр. Есік пен терезелерін салып, әрлеу жұмыстарын бастап та кеткен. 7 жылдан бері салып жатқан үйлеріне биыл қоныстансақ деген ниетте.
Бұл үйді 2017 жылы бастадық. Іргетасын басында күйеуім қолмен-ақ құйғысы келген. Ол үшін көп күш пен уақыт керек. Сондықтан тез-тез қалыбын құрып, миксермен құйдырдық. Кейіннен кірпішін сатып алдық. Сосын күйеуім өзі қалап шықты. Бала туғанға дейінгі, туғаннан кейінгі жәрдемақыларды, күйеуімнің табысын жинақтап осы үйді аяқтау үшін барымызды салдық. 2018 жылы шатырын несие алып жүріп жаптық, - дейді Ермектің жұбайы.
Бұл шаңырақта бұған дейін газ болмаған. Оған себеп – қаржының аздығы, одан қала берді, о баста газ кіргізушілер тізіміне енбей қалған. Шағын ғана үй болған соң көмір жағып, отынмен-ақ шағын үйді жылытып келген. Үлкен үй соққаннан кейін барып көгілдір отынды кіргізудің жолын іздей бастаған.
Газ бұл шағын ауданға біраз жыл бұрын келген. Тұрғындар арасында баста тізім жасаған екен. Біз ол тізімге енбей қалыппыз. Бұл бір проблема еді. «Халық банк» жобасы жайлы отырыста жеңгемнен естідім. Соған тапсырып көруді ұсынды. Тағы бір алты баласы бар жеңгеме кеңес берді. Ол кезде әкімдікке көпбалалы ана ретінде газ кіргізіп беруге өтініш жазып қойған едім. Кейіннен бағдарлама жүзеге аса бастағанын наурыз айында білдім. Сол кезде келіп өлшей бастады. Бағдарлама бойынша өткенімізді айтып қуантты, - дейді.
Газ тартылғанға дейін Өсербаевтар отбасы 15 жылға жуық уақытта көмір жағып келген. Қыста пештің жылуымен шыққан. От тұтатып, көмір жағу көпбалалы отбасы үшін оңай іс емес. Мұны Гүлназ да жасырмайды.
Бір қысқа екі жарым тонна көмір жағамыз. Кемі 70-80 мың кетеді. Оған қоса отын да сатып аламыз. Құр көмір жаға да бермейсің. Өзі жанбайды да. От жағу, күл шығару, баламен бірге отын тасу – бұл машақаты көп іс. Содан құтылатыныма қуанамын. Дей тұрғанмен пешке піскен тамақ дәмді болады, - дейді көпбалалы ана.
Үйге от жағып, пеш арқылы жылыту – жауапкершілігі мол жұмыс. Барынша қауіпсіздік ережелерін сақтауды қажет етеді. Ысы тарап, түтін шығатын болса үйдегі адамдардың өміріне қауіп төндірері анық. Мұны Гүлназ бір сәт есінен шығармағанын айтады. Иістен сәл секем алса, көршілерін паналай тұрған кездер де болған.
Үйде бала-шаға, келім-кетім болған соң көмір жаққанда бар қауіпсіздікті сақтаймыз. Күйеуім де пештің жағдайын жақсы түсінеді. Біздікі бес құдықты пеш. Ай сайын тазалап тұрамыз. Шағын ғана бөлме болғандықтан, бір шелек көмір салсаң үйдің іші тез жылиды. Кейде жағып жатқанда ыс шығып кетеді. Ондайда терезені ашып желдетіп аламын. Кейде қыстыгүні отын мен көмірді салып қойған соң барып ыс шығып кетеді. Ол кезде өшіріп, бала-шағаны алып көршінің үйіне кетіп қаламын. Ыстанып қалу – өте қауіпті. Сондықтан да от жаққанда, пешке көмір салғанда аса сақ болу керек. Пешті жиі тазалап тұру қажет, - деп кеңес береді.
Ермектің отбасы күн жылыда газ балонын пайдаланып келген. Оның да бағасы арзан емес, үйге кіргізген газдан қымбат шығары анық. Бір айға біреуі жетпейді де.
Жаздыгүні газ балон сатып алсақ, қыста пеште тамақ істеймін. Газ балонды көп сатып алмауға тырысамын. Отбасымыз үшін бұл үнем де. Себебі бір газ балон 2500 теңге болады. Бір балон 1 айға жетпейді. Қонақ келгенде таусылып қалмаса екен деп тілеп отыратын кездер де болады. Қазір таусылып қалып отыр, - дейді Гүлназ.
Қазіргі таңда үйге газ кіргізу оңай әрі тез шешілетін шаруа емес. Үй ішіне кіргізгеннен кейінгі шаруалары мен қондырғыларына да қыруар қаржы кетеді. Мұны біреудің қалтасы көтерсе, біреудің қалтасы көтере бермейді. Ал Өсербаевтар отбасына "Халық банктың" 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында тегін газ тартылды. Бұл шаңырақтағы қуанышты күнді, жаңа үйге көшер уақытты жақындата түсті.
Көршіміз үй салып, өздері кіргізді. Олардан арасында қанша ақша кететіні жайлы сұрап жүрдім. Көшеден кіргізуіне бір 300 мыңдай, жасаған адамдарына да сондай көлемде, газ пешіне де аз қаржы кеткен жоқ. Өзіміз кіргізетіндей болсақ, қанша шығын кететінін біле жүрейік деп сұрап жүрдім. Жыртық үйдің Құдайы бар деуші еді. Тегін газ кіргізу үлкен көмек, жыртығымызға жамау болды. Күйеуім маңыздыларын жасадық, енді газ кіргізсек деп жүретін. Есептеуі бойынша миллион жарым кетеді деп топшылаған. Ал үлкен үйге пеш орнатып кіруге қарсы болды, - дейді Гүлназ Жақыпова.
Көпбалалы отбасы үшін тегін газдандыру жобасы үлкен көмек болды. Мұны отағасы да, жұбайы да қуана жеткізді. Тағы да несие алмайтын болдық деп жұбанды. Жобаны ұйымдастырушылар мен құрып берген жандарға алғысын жаудырды.
Көпбалалы отбасының шығындары да көп болады. Осыны ескеріп, осындай жоба құрастырған жандарға алғысымыз шексіз. Оны іске асырып, жүз пайыз орындалуын қадағалап жүргендерге көп, көп рақмет айтамын. Осы жоба аясында біздің отбасы да қамтылып, үйімізге жылу кіріп жатыр. Жаңа жылды жылуы бар жаңа үйде қарсы алсақ дейміз. Өзге де табысы аз отбасыларға осы қуанышты тілеймін, - дейді.
Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Ермектің еңбегіне табыс тілеп, газ тартылып, жылуы кірген отбасымен жылы қоштасып қайттық.