Жаңа жылды жалғыз қарсы алатындарға психологтан кеңес

Жаңа жылды жалғыз қарсы алатындарға психологтан кеңес
Фото: depositphotos.com

Жаңа жыл - балалардың ғана емес, сондай-ақ маркетологтардың сүйікті мерекесі. Жаңа жыл алдында әлеуметтік желілерде, киноларда және жарнамалық роликтерден бір сюжетті көреміз - барлығы мерекені үлкен отбасымен қарсы алады. Мұндай көріністер жақындарынан алыс жүрген немесе мерекені жалғыз өзі қарсы алайын деп жатқан адамда жалғыздық сезімін тудыруы мүмкін. Психоанализ бағытындағы психолог Мейіргүл Бимағамбетова Жаңа жылды жалғыз қарсы алатындарға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мерекелік депрессия

Кейде Жаңа жыл секілді ауқымды мерекені күту көңіл күйдің түсуіне және мазасыздықтың артуына себепші болуы мүмкін. Мұндай жағдайды мерекелік депрессия деп атайды. Оның пайда болуының себептері көп. 

Мысалы:

  • сыйлықтарға көп ақша кету;
  • мерекеден көп нәрсе күту және оның шындыққа сәйкес келмеуі (көпшлік қандай да бір сиқырды күтеді);
  • Түрлі шулы шараларға барғаннан пайда болатын күйзеліс;
  • Мерекеге қажетті заттар сатып алудан, түрлі тағамдар дайындаудан шаршау;
  • Жылды қорытындылағанда тек жүзеге аспаған жоспарларға мән беру.

Адамға түрлі сенімдер әсер етуі мүмкін: "Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің", "Жаңа жыл түні сиқыр болады" және т.б. Фильмдер мен қоғам ойлап тапқан сенімдерге мән бермеңіз. 1 қаңтар - 365 күннің бірі. 

Жаңа жылды жалғыз қарсы алуға бола ма?

Мейіргүл Бимағамбетова әрбір ересек адам өзінің жалғыздығын қабылдап үйрену керегін айтты.

"Психоанализде жалғыздық - өзекті тақырыптардың бірі. Бұл жерде ең басты түсінетін нәрсе - ересек адам өзінің жалғыздығын қабылдамай, жалғыз болып үйренбейінше өзінің толыққандылығын толық түсіне алмайды. Сондай-ақ адам өзінің ересектігін, артықшылықтары мен кемшіліктерін қабылдамаса, оған бірқалыпты әрі үйлесімді өмір сүру қиынға соғады. Өйткені жалғыздықты қабылдамайтын адам үнемі басқаға тәуелді болады", - дейді психолог.

Маманның айтуынша, Жаңа жылды жалғыз қарсы алуда тұрған ешқандай мәселе жоқ.

"Егер серігі іссапарда болса немесе ағайын-туыстары басқа қалада болса, өзі өмірдің ағымымен Жаңа жылды жалғыз қарсы алатындай жағдай болса, бұл жерде тұрған ештеңе жоқ. Әрине, Жаңа жыл - мереке, бірақ ол күнделікті өмір. Менің ойымша, бұл түні жалғыз болсаңыз, бұл сізге өз-өзіңізге есеп беруге, босаңсуға, алдағы күндерге жоспар құруға жақсы мүмкіндік. Бұл қайғыратын, өзіңізді ешкімге керек емес сезінетін жағдай емес", - дейді ол.

Алайда маман кейбір адамдардың достыққа немесе тірі қарым-қатынасқа мүмкіндігі аз екенін және мұндай адамдарға психологпен терапия артық болмайтынын айтты.

"Ал егер жанында тума-туысы, достары бола тұра, алайда ешкімге хабарласа алмайтындай қандай да бір кикілжіңдер туындағандықтан, жалғыз қарсы алуға мәжбүр болса, онда бұл адамның өмірінде көп қиыншылық пен жанжал болуы мүмкін. Сондай-ақ "мен жалғызбын, ешкімге керек емеспін" деген ойлар мазалайтын адамдар айналасында адам толып отырса да, тума-туыстың немесе достардың ортасында отырса да, өзін жалғыз сезінеді. Үнемі бір тәуелділікте, үрейде жүреді. Бұл терең терапияның қажет екенін көрсететін белгі", - дейді психолог Мейіргүл Бимағамбетова.

depositphotos.com

Жаңа жылды жалғыз қарсы алатындарға кеңес

Егер Жаңа жылды жалғыз қарсы алсаңыз, мына кеңестерге көз жүгіртіңіз:

  • Бұл күнді қалауыңызша өткізіңіз. Өзіңізге, өз қалауларыңызға аса мән беріңіз. Басқалар қалайтын нәрсені немесе басқалар сізден күтетін нәрсені емес, өзіңіздің жан дүниеңіздің қалауын орындаңыз;
  • Позитивті көзқарас қалыптастырыңыз. "Бұл жыл мен үшін керемет болады", "Бұл жылы менің армандарым орындалады" және т.б;
  • Өзіңізді еркелетіңіз. Сүйікті тамағыңызды дайындаңыз немесе тапсырыс беріңіз, сүйікті фильміңізді немесе бағдарламаңызды қосыңыз, өзіңізге сыйлық сатып алыңыз.
  • Өткен жылдағы жетістіктеріңізді еске түсіріңіз. Олардың үлкен немесе кіші болғаны маңызды емес, өзіңіздің жетістіктеріңізді басқалардікімен салыстырмаңыз;
  • Ескі жылды реніштерімен және уайымдарымен бірге жіберіңіз. Жаңа жылды жаңа парақтан бастаңыз. Барлық мақсаттар мен жоспарларыңызды жазыңыз.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова