2026 жылдан бастап ел азаматтарын бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Massaget.kz тілшісі ең маңызды жаңалықтарға шолу жасады.
Негізгі көрсеткіштер қалай өзгереді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері өзгереді. Сондықтан өзге де көрсеткіштер мөлшері өзгереді:
- АЕК - 4 325 теңге (2025 жылы бұл - 3 932 теңге).
- Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) - 85 000 теңге (өзгеріссіз).
- Ең төменгі зейнетақы - 69 049 теңге (2025 жылы бұл - 62 771 теңге).
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 35 596 теңге (2025 жылы бұл - 32 360 теңге).
- Ең төменгі күнкөріс деңгейі - 50 851 теңге (2025 жылы бұл - 46 228 теңге).
Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Айта кетейік, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мына жағдайларда қолданылады: жәрдемақы, зейнетақы және әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу; салық және басқа да міндетті төлемді есептеу; айыппұл мен басқа санкциялардың мөлшерін анықтау. Жыл сайын АЕК мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі.
Айыппұл мөлшері де өзгереді
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері өзгерген соң айыппұл көлемі де өзгереді. Мәселен жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымға арттырғаны үшін айыппұл 5 АЕК немесе 21 625 теңге болады. Сағатына 20-40 шақырымнан асып кеткені үшін 10 АЕК, бұл дегеніміз - 43 250 теңге. Сағатына 40 шақырымнан асқаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге төлеуге тура келеді. Бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК, 129 750 теңге төлеуі қажет.
Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Жәрдемақы мөлшері артады
2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері артады.
Зейнетақы бойынша
1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70 пайызы), ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңге болады.
Жәрдемақы бойынша
Бір, екі немесе үш бала туған кезде берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, ал төрт және одан да көп бала туған жағдайда жәрдемақы мөлшері 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін өседі.
Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы да артады: төрт баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге, ал 10 баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды.
Мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы мөлшері де 10 пайызға өседі:
- Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге;
- Екінші топтағыларға 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге;
- Үшінші топтағыларға 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін көбейеді.
depositphotos.com
Паспорт, жүргізуші куәлігін рәсімдеу құны өзгереді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорт, жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттарды рәсімдеу құны өседі. Бұған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге көтерілуі себеп болып отыр. Бұл көрсеткіш Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте бекітілген.
2026 жылы жаңа АЕК-ке байланысты құжаттарды рәсімдеуге арналған мемлекеттік баж да қымбаттайды.
- 16 жасқа дейінгі балаға арналған паспорт (24 бет) - 17 300 теңге (4 АЕК). 2025 жылы бұл - 15 728 теңге.
- Қарапайым паспорт (36 бет) - 34 600 теңге (8 АЕК). 2025 жылы бұл - 31 456 теңге.
- 48 беттік паспорт - 51 900 теңге (12 АЕК). 2025 жылы бұл - 47 184 теңге.
- Жеке куәлік - 865 теңге (0,2 АЕК). 2025 жылы бұл - 786 теңге.
- Жеке куәлік бір жылда екі реттен көп жоғалса, 1 АЕК (4 325 теңге) төлеу қажет.
- Жүргізуші куәлігін рәсімдеу 5 406 теңге (1,25 АЕК) болады.
- Қаңтардан бастап некені тіркеу құны да өседі, куәліктің бағасы 4 325 теңге (1 АЕК) болады.
- Ерлі-зайыпты ажырасқысы келсе, мемлекеттік баж 8 650 теңгеге (2 АЕК) дейін өседі. 2025 жылы 7 864 теңге болды. Яғни некені рәсімдеуден екі есе қымбат.
- Туу туралы куәлік бұрынғыдай тегін. Бірақ оны қайта рәсімдеу қажет болса (мысалы жоғалған жағдайда), 0,5 АЕК, яғни 2 163 теңге төленеді.
Кімдер мемлекеттік баждан босатылады?
Кейбір азаматтар құжатты тегін рәсімдей алады. Олар:
- ел батырлары және жоғары мемлекеттік наградалары бар тұлғалар;
- құрметті атағы бар көпбалалы аналар;
- соғыс ардагерлері;
- мүмкіндігі шектеулі адамдар және мүгедектігі бар балалардың ата-аналары;
- әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар;
- жетім балалар және толық мемлекеттік қамқорлықтағы балалар;
- Чернобыль апатынан зардап шеккендер.
Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев
Кімдер жеке куәлікті тегін ала алады?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жеке куәлікті алғаш рет рәсімдеу, сондай-ақ, оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру тегін болады.
Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
2026 жылы Қазақстан азаматтары қалай демалады?
Келер жылы 119 демалыс күні және 246 жұмыс күні бар. 2026 жылғы мерекелер мен демалыс күндері:
- Жаңа жыл - 1-2 қаңтар. Демалыс - 1-4 қаңтар аралығы.
- Рождество - 7 қаңтар (сәрсенбі).
- Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз жексенбіге түседі, демалыс 9 наурызға ауысады.
- Наурыз мейрамы - 21-23 наурыз. Ең ұзақ демалыс: 21-25 наурыз аралығы.
- Қазақстан халқының бірлігі күні - 1 мамыр (жұма).
- Отан қорғаушылар күні - 7 мамыр (бейсенбі).
- Жеңіс күні - 9 мамыр сенбіге түседі, демалыс 11 мамырға ауысады.
- Құрбан айт - 27 мамыр (алдын ала белгіленген күн).
- Астана күні - 6 шілде (дүйсенбі).
- Конституция күні - 30 тамыз - жексенбі, сондықтан демалыс 31 тамызға ауысады.
- Республика күні - 25 қазан, үш күндік демалыс.
- Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан (сәрсенбі).

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова