Жаңа жылдан бастап жалақы, әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақы 30 пайызға өседі - Назарбаев

Жаңа жылдан бастап жалақы, әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақы 30 пайызға өседі - Назарбаев
Фото: altaynews.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында Жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін өсетінін айтты. Бүгін Тәуелсіздік Сарайында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жасады.

"Жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне негіз бола алады", − деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы халқымыздың бүгінгідей ешқашан бақуатты тұрмыс көрмегенін атап өтті. "Біз Тәуелсіздік алғаннан бері 1300 денсаулық сақтау орны, 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралмен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды, емдеулерді өз елімізде өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеткіздік. Бұл ешқашан болған емес. Жалпы халық тұрмысының, денсаулығының түзелуі нәтижесінде қазақстандықтардың сәбилерінің көбеюінің нәтижесінде, Қазақстан халқының жыл сайын өсуінің нәтижесінде, денсаулық сақтау мәселесінде тұңғыш рет қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жастан асты. Мұны ең негізгі жетістік деп санауға болады. 10 жылдың ішінде 64 жастан 72 екіге дейін бүкіл халықтың орташа өмірін ұзарту ешбір елдерде кездеспеген шығар. Мемлекет қандай жағдайларда да әлеуметтік міндеттемелерін шашауын шығармай орындап келеді. Тарихымызды түгендеп, мәдениетті өркендетуге қол жеткіздік", − деді Елбасы.

Айта кетейік, осыған дейін Ақордадағы кеңейтілген отырыс кезінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жария ететінін, оны әлемдік дағдарыс кезіндегі әрекеттерге арнайтынын айтқан еді.

Дереккөз:Tengrinews.kz

С. Ерсін