Жаңа жылдан бастап Елтаңба өзгереді, − деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі Елтаңба енгізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков мәлімдеді.
"2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Елтаңба енгізіледі. Ал ескі үлгідегі Елтаңба 2017 жылдың соңына дейін қолданыла береді. Жаңа Елтаңбаға тоқталсақ, оның өлшемдерін, жаңа нұсқасын дайындау оңайға түскен жоқ. Шамамен 5-6 жыл уақыт кетті. Дегенмен ол жаңа құралдар, технологиялар бойынша жасалды", − деді ол.
Елтаңбаның авторы қазір қолданып жүрген Елтаңбаның еш атауы жоқ екенін тілге тиек етті.
"Қазіргі Елтаңбаның еш атауы жоқ. Оған көз салғанда қай жерінде не тұрғаны белгісіз. Сондықтан 40-тан астам атау бердік. Әр атаудың өзіндік өлшемі, өз орны, сипаттамасы бар", − деді Мәлібеков.
Дереккөз: tengrinews