- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа жылдан бастап...
Жаңа жылдан бастап айыппұл қалай өзгереді?
Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш өседі. Демек, бұл айыппұлға да әсер етеді. Massaget.kz тілшісі жиі жасалатын құқықбұзушылықтарға қатысты айыппұл қаншаға өсетінін есептеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға қол қойды. Соған сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3450 теңге болады. 2022 жылы бұл 3 063 теңге болған еді. Ал кейінірек 3 180 теңгеге көтеріліп, бір жылда екі рет өзгерді.
1. Қазақстан қылмыс деңгейі бойынша қай орында?
Finprom.kz мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық саны 1 пайызға өскен. Қылмыс деңгейі бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 47-орында тұр. Ресми статистикаға сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша құқықбұзушылық деңгейі 10 мың адамға шаққанда 91,5 болған, бұл былтыр 91,8 болған.
Өңірлер арасында ең жоғары қылмыс деңгейі Алматыда тіркелген, 10 мың адамға шаққанда 191,5. Ал былтыр 140,5 болған. Үштікте елорда мен Батыс Қазақстан облысы да бар. Ең жоғары көрсеткіш ресми түрде Түркістан облысында тіркелген, өңірдің 10 мың тұрғынына шаққанда 32,2 құқықбұзушылық болған. Жыл басынан бері елімізде 87,1 құқықбұзушылық тіркелген, бұл былтырғыға қарағанда 1,1 пайызға артық. Ең аз қылмыстық құқықбұзушылық дерегі Қызылорда облысында тіркелген, онда 1,9 мың болған. Бұл былтырға қарағанда 5,2 пайызға аз.
Ranking.kz мәліметтеріне сүйенсек, қылмыс деңгейі бойынша елдер рейтингінде Қазақстан Алжир мен Уругвай арасында тұр.
2. Жиі жасалатын құқықбұзушылық қандай?
Finprom.kz мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар мен сәуір аралығында Қазақстанда қылмыскерлер көбіне меншікке қарсы құқықбұзушылық жасаған. Яғни 63,1 пайыз болады немесе 12,6 мың адам, былтырмен салыстырғанда 3,2 пайызға аз. Бұл қатарда ұрлық, алаяқтық, ұсақ ұрлық, тонау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, ұрлау мақсатынсыз автокөлікті немесе басқа көлік құралын заңсыз иемдену жиі кездеседі.
Қылмыскерлер арасында жеке тұлғаға қарсы құқықбұзушылық (1,7 мың адам, жылына минус 6,6 пайыз) және көліктік қылмыстық құқықбұзушылық (1,4 мың адам, плюс 5,6 пайыз) та жиі бұзылған.
Сонымен қатар, бұл қатарда жол ережесінің бұзылуы жиі жасалатын қылмыс қатарына жатады.
3. Қазақстандық бизнесмендер қандай құқықбұзушылықты жиі жасайды?
Көбіне кәсіпкерлер меншікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Осы іс бойынша 194 адам ұсталған, бұл былтырмен салыстырғанда 21,1 пайызға аз. Мұнда алаяқтық, сеніп тапсырылған басқа біреудің мүлкін иемдену, жымқыру, ұрлық та бар. Одан кейін мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқықбұзушылықтар жасалған. Сонымен қатар, пара алуға (54 адам) немесе пара беруге (40 адам) де қатысы барлар тіркелген.
4. Айыппұл қаншаға өседі?
2022 жылы елдегі айыппұл АЕК өсуіне байланысты шамамен 5 пайызға артқан еді. Ал 2023 жылы айыппұл мен салық бірден 387 теңгеге артады. Демек, 13 пайызға өседі.
- Жол ережесіне қатысты
Көлік жүргізушілерінің көлікті белгіленген қозғалыс жылдамдығын сағатына 10 шақырымнан 20 шақырымға дейін асыруына 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Оған қоса жол қозғалысы ережелерін білуі тексеріледі. Сонда айыппұл 17 250 теңге болады.
Көлікті белгіленген қозғалыс жылдамдығының сағатына 20 шақырымнан 40 шақырымға дейінгі мөлшерге арттыру бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Яғни, бұл - 34 500 теңге.
Осы баптағы құқықбұзушылықтар бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК айыппұл салынады. Яғни 103 500 теңге болады.
Ал жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргінші жолымен, жол жиектерімен жүруге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 51 750 теңге болады.
Қазақстанда жол апаты жиі тіркелетіні жасырын емес. Жол қозғалысына қатысушының жол апатын туғызуға әкеп соққан жол ережесін бұзуы, яғни қозғалыстың басқа қатысушыларын қозғалыс жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүрлеуі 10 АЕК болады. Яғни 34 500 теңге.
- Ұрлыққа қатысты
ҚР Қылмыстық кодексi 188-бабы ұрлыққа қатысты. Осы бапқа сәйкес, ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру арқылы мүлкі тәркіленіп немесе бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Демек, бұл 3 450 000 теңгеге дейін болады.
Ал ұсақ-түйек жымқыру, яғни болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу бойынша 80 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл 276 000 теңге болады. Ал бірнеше рет жасалған ұсақ-түйек жымқыру 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл - 690 000 теңге.
- Мал ұрлауға қатысты
Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы мал ұрлығына қатысты. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Яғни 10 350 000 теңгеге дейін болады.
- Алаяқтыққа қатысты
Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену кезінде мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Демек, 3 450 000 теңгеге дейін болады.
Айта кетейік, әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу қызметін egov.kz арқылы алуға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова