Жаңа жылдағы шырша аллергия тудыруы әбден мүмкін. Ноттингем университетінің генетикалық иммунология бойынша аға оқытушысы Трент Сэмюэль Дж. Уайт пен сол университеттің бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің профессоры Филипп Уилсон мереке кезінде мұрын бітелуі мен түшкірудің себебін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сарапшылардың сөзінше, жаңа жылдық аллергия кезінде әдетте мұрын бітеліп, түшкіріп, көз тітіркеніп, жөтеліп, тері қызарып, қышуы мүмкін. Жаңа жылдың символы - безендірілген тірі шырша. Мамандардың айтуынша, қылқанның иісі, тірі ағаштың бұтақтарында кездесетін микроскопиялық аллергендер аллергия тудырады.
Ғалымдар алғашқы үш күнде шырша орнатылған бөлмелерде зең спораларының саны текше метріне 800-ге жететінін мәлімдеген. Екі аптадан кейін олардың саны текше метріне бес мың спораға дейін артыпты. Уайт денеге кері әсерін болдырмау үшін аллергиясы барларға шырша сатып алмауға кеңес берді.
Сонымен қатар, сарапшылар бөлмені үнемі желдетіп, ағашты суару арқылы микроорганизмдер таралуын тоқтатуға болатынын айтады. Ал терідегі аллергияның алдын алу үшін жаңа жылдық шыршаның бұтақтарын ұстамаған немесе қолғап киген жөн екен. Сондай-ақ, Уайттың айтуынша, тірі шыршаның орнына жасанды шырша қоюға да болады, бірақ ол да кейде аллергия тудыруы мүмкін. Мысалы, ағаш дұрыс сақталмаса, шаң, көгерген жерлері болса, аллергия туындауы мүмкін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз