Жаңа жылда 125 мыңнан аса отшашу тәркіленген

Полиция жаңа жыл қарсаңында және мереке күндері өткізілген рейд нәтижесін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасы деректерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ пиротехникалық заттар айналымының белгіленген ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында 2024 жылғы 5 желтоқсан мен 2025 жылғы 3 қаңтар аралығында "Пиротехника" жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Іс-шаралар барысында полицейлер өртке қарсы қызмет бөлінісінің қызметкерлерімен бірлесіп, сегіз мыңнан аса рейд жүргізді. Нәтижесінде 1480 заңбұзушылық анықталды. Құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"125 мыңнан аса сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді. Отшашуды пайдалану кезінде жарақат алу деректерін болдырмау мақсатында төрт мыңға жуық ақпараттық материал жарияланды", - деді ІІМ өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа жылдық мереке кезінде қанша адам отшашудан зардап шеккені хабарланды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!