Жаңа жыл қарсаңында билет тапшылығы қалай шешіледі?

Елде жаңажылдық мереке қарсаңында әуе рейстері мен пойыздардың саны артады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Жаңа жыл қарсаңында тұрғындар билет таппай, әуре-сарсаңға түседі. Тапқан күннің өзінде қымбат. Күрмеулі мәселені шешу үшін әуе және теміржол компаниялары рейстердің санын ұлғайтатынын алдын ала жариялады.

"Біз желтоқсан мен алдағы қаңтар айында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында ішкі бағыттар бойынша рейстер санын арттырдық. Сондай-ақ Алматы-Мәскеу бағытына 12 қосымша рейс қосылды", - дейді әуе компанияның PR және маркетинг бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

Қосымша рейстер қосылса да, билет тапшылығы мәселесі шешілмей отыр. Сұраныс көп.

Билеттердің бағасы сұранысқа қарай қойылады. Әуе компаниясының өкілі осылай дейді. Әдетте арзан билеттер тез сатылып кетеді.

"Мереке күндері сұраныс артатындықтан, арзан тарифтер лезде сатылады. Алайда әуе компаниясының тарифтері 2020 жылдың шілдесінен бастап өзгерген жоқ", - дейді әуе компаниясының PR және маркетинг бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

Теміржол билеттерін алу әуе билеттеріне қарағанда оңайырақ. Көлік министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, олардың құнын мемлекет реттейді және мереке күндері тарифтер өзгеріссіз қалады.

"Қазан айында 20% өсім болды. Енді жаңажылдық мерекелерде өсу болмайды. Тариф өзгеріссіз қалады. Бұрын плацкарттың бағасы қалай болса, қазір де солай болады. Мереке қарсаңында түрлі бағыттар бойынша жүретін қосымша пойыздар іске қосылады. Бұл пойыздар қосымша 43 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді", - дейді ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі Ляззат Стамғазиева.

Тығырықтан шығудың бір жолы: қазір Алматыға бару үшін Қарағандыға дейін билет тапсаңыз, әрі қарай бару үшін Қарағандыда сол пойыздың ішінен басқа орын табуға болады. Теміржол қызметі осындай жаңашылдық енгізді. Бұл жолаушының діттеген жеріне уақытылы жетуіне мүмкіндік береді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!