Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы өсе ме? Министр жауап берді

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы өсе ме? Министр жауап берді
Фото: elements.envato.com

Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанда кейбір азық-түлік тауарлары қымбаттауы ықтимал. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біріншіден, елімізде азық-түлік бағасына мониторингті Ұлттық статистика бюросы жүргізеді. Біз бұл деректерді үнемі пайдаланамыз. Мен сізге жаңа деректерді айтайын. Соңғы аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгермеді. Ол 19 позициядан тұрады, онда өзгеріс жоқ", - деді министр.

Сондай-ақ Арман Шаққалиев алдағы уақытта азық-түлік бағасы көтерілуі мүмкін екенін жеткізді.

"Екіншіден, жаңа жылда үстелге қойылатын (азық-түлік тауарларының) бағасында өзгеріс болуы мүмкін. Біз 37 позицияны алдық. Онда өзгерістер бар. Мысалы, жұмсақ қаптамадағы сүт, мандарин және шампан.

Елімізде жылдық инфляция - шамамен 10,3 пайыз деңгейінде. Мұны ескерсек, жаңа жылда үстелге қойылатын (азық-түлік тауарының) себетіндегі (баға өсімі) - шамамен 10-10,7 пайыз. Иә, өзгеріс бар. Біз оны Жаңа жылда үнемі байқаймыз. Сондықтан мереке қарсаңында (азық-түлік - автор) қымбаттайды. Бірақ (баға өсімі) индекс шегінде болады", - деді ол.

Сөз соңында министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қымбаттамауы үшін қандай жұмыстар істеліп жатқанын айтты.

"Жыл басынан бері олардың бағасы 3,4 пайыз-ға өзгерді. Жұмыртқаның бағасы үнемі өзгеретінін айтамыз. Біз ең ірі өндірушілер және сауда желілерімен сауда үстемесін сақтау үшін меморандумға қол қойдық. Осылайша, мұның жұмыс істейтінін көрдік. Бүгін біз ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отырмыз.... ", - деді Арман Шаққалиев.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz