Жаңа жыл және отшашу. Шектеу шаралары қаншалықты қадағаланып жатыр?

Жаңа жыл қарсаңында отшашу саудасы қыза түсетіні белгілі. Жұрт аталмыш заттарға және өзге де соған ұқсас пиротехникалық тауарларға тыйым салынғанын білсе де, сатып алушылар мен сатушылар саны азаяр емес. Елімізде пиротехникалық заттарға салынған тыйым қаншалықты қадағаланады? Massaget.kz тілшісі мереке қарсаңында бұл тақырыпты зерттеп көрді. 

3 мыңға жуық заңбұзушылық тіркелген

Отшашу саудасына қатысты деректерді білу үшін Ішкі істер министрлігіне сауал жолдадық. Ведомство азаматтық пиротехникалық заттарды әзірлеу, өндіру, сату, пайдалану, сатып алу жөніндегі қызмет түрімен арнайы лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана айналыса алатынын айтты. Бұл шектеулер 2011 жылғы 16 тамызда "Пиротехникалық бұйымдардың қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламенті қабылданғаннан кейін қолданысқа енгізілген. 

"2023 жылы өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою ережелерін бұзудың 922 фактісі анықталды, тәртіп бұзушылардан 10 мыңнан астам дана және 2,7 мың қорап сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді", - деп жауап берді министрлік. 

Сондай-ақ биыл заңсыз отшашу саудасымен айналысқан 460-тан астам факті анықталған және 81 мыңнан астам дана және 27 мың қорап сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленген. 

"Соңғы үш жылда пиротехникалық бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою ережелерін бұзудың 2 750 фактісі анықталған болатын. Тәртіп бұзушылардан 350 мыңнан астам дана және 40 мың қорап сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді", - деп қосты Ішкі істер министрлігі.

сурет: depositphotos.com

Отшашудан қанша адам зиян шекті?

Отшашуларды пайдалану арнайы ережелерді қажет етеді. Ішкі істер министрлігі соңғы үш жылда пиротехникалық өнімдерді пайдалануға байланысты қандай да бір резонанстық оқиғалар тіркелмегенін айтты. Десе де жыл басынан бері отшашуды пайдалану барысында түрлі жарақаттар алған 23 адам медициналық көмекке жүгінген. 

"Пиротехниканы пайдалану кезінде жарақат алу немесе өрт шығуының негізгі себептерінің бірі - азаматтардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, сондай-ақ сертификатталмаған өнімді пайдалануы салдарынан болады. Осыған байланысты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аталған өнімдерді заңсыз сату фактілерінің жолын кесу мақсатында полиция өртке қарсы қызметпен бірлесіп жыл сайын жаңа жыл қарсаңында жедел алдын алу іс-шараларын жүргізеді", - деп жауап берді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

сурет: ПД

Шектеу шаралары қалай жүзеге асырылып жатыр?

Отшашуларға салынған тыйымды бақылау екі кезеңде жүзеге асырылады. Министрліктің сөзінше, қадағалау шаралары 2024 жылдың 5 желтоқсанынан 2025 жылдың 3 қаңтарына дейін екі кезеңде өткізіледі. 

"1-кезең биылғы жылдың 5-12 желтоқсан аралығында өткізілді, оның негізгі мақсаты заңды тұлғалардың көтерме жеткізушілері мен сақтау қоймаларын, сондай-ақ базарлар мен сауда нүктелерін сертификатталмаған пиротехниканың заңсыз саудасы фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталған", - деп түсіндірді ведомство. 

Бұдан басқа, азаматтардың жарақаттану фактілерін болдырмау және азаматтық пиротехниканы пайдалану кезінде өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында ІІМ жыл сайын тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және сертификатталған пиротехникалық бұйымдарды пайдалануы қажеттігі туралы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

 Нені ескеру керек?

Пиротехникалардың қауіптілігі туралы ТЖМ ескерту жасады. Олар ресми арналарында арнайы видео жүктеп, аталмыш заттарды қолданған кезде сақ болу қажеттігін айтты. Сондай-ақ отшашу ату ережесін бұзған қазақстандықтарға айыппұл салынатыны ескертілді. 

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес пиротехникалық заттарды орынсыз пайдалану, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзып, бірақ ірі материалдық залал келтірмей, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, бұл 2024 жылы 73 840 теңгені немесе 78 640 теңгені құрайды", - делінген заңда. 

ТЖМ пиротехниканы қолдану кезінде келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады:

  • ешқашан пиротехниканы балаларға сатуға немесе оларға қолдануға бермеңіз;
  • фейерверкті іске қосатын орынды дұрыс таңдаңыз. Бұл үлкен ашық алаң болуы керек, 50 метр радиуста ғимараттар, автотұрақтар және басқа өрт қаупі бар нысандар болмауы тиіс;
  • фейерверктерді ғимарат ішінде және жабық бөлмеде қолдануға болмайды;
  • күшті жел кезінде фейерверкті қолданбаңыз;
  • петардаларды адамдарға, жануарларға және автокөліктерге лақтыруға қатаң тыйым салынады;
  • білтеге от бергенде отшашудың үстіне еңкеюге болмайды;
  • отшашу аяқталғаннан кейін оны сумен сөндіріңіз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз