Биыл қазақтың әйгілі "Тұран" этно-фольклорлық ансамблінің құрылғанына 15 жыл толады. Бұл жылдар арасында ансамбль қалай өзгерді? Жаңадан шығатын Tamyr альбомы не туралы? Ақпанның аяғына жоспарланған мереке неге Қазақстандағы соңғы концерт болмақ? Бұл туралы Massaget.kz материалында.
"Тұран" ансамблі деген кімдер және бәрі неден басталды?
Ансамбль 2008 жылы құрылды. Бұдан 15 жыл бұрын топ мүшелері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері еді. Ансамбль құрылғанға дейін олар "Сарын", "Сазген сазы" секілді этно-фольклорлық ансамбльдерде жұмыс істеп жүрген. Кейін аға буынның арқасында шабыт алып, алғаш "Қазақ елі" туындысы жарыққа шықты. Қазір "Тұран" - қазақ халқының көнеден келе жатқан төл музыкалық өнерін қазіргі заман ұрпағының талғам таразысымен қайта жаңғыртуды мақсат тұтқан ұлттық этно-фольклорлық топ.
"Тұран" ансамблінің репертуарында 30-дан аса туынды бар. Ал этно-фольклорлық топтың әлемге ұсынбақ келесі жобасы - Tamyr альбомы.
Бұл жоба не туралы?
"Тамыр" - Бұл бір альбом емес, альбомдар сериясы. Біз оны жоба ретінде байланыстырамыз. 5 жылдың ішінде 3-4 альбом шығарғымыз келеді. Бұл біз үшін де жаңа тәжірибе. Біз әртүрлі мәдениеттерді біріктіреміз. Сондықтан бұл альбомды Тамыр деп атадық, өйткені Тамыр - ағаштың тамыры. Тамыр қандай күшті болса, ағаштың діңі де сондай мықты болады. Ал ағаш түркі елдерінде киелі саналады. Екіншіден, Тамыр - адам ағзасындағы тамыр концептісі ретінде. Ол ағзадағы барлық дене мүшесін бір-біріне жалғайды. Үшіншіден, Тамыр көне түркі тілінде "ағайын, туыс, бауыр" деген мағынада жүреді. Ал бұл өмірде кім екеніңді түсіну үшін бауырыңның кім екенін білуің керек", - деді ансамбль мүшесі Серік Нұрмолдаев.
Серік Нұрмолдаевтың айтуынша, альбом ішінде көп туынды болады. Олар винил пластинкаларында арнайы топтама ретінде жарық көреді. Түркі халықтарының ең маңызды шығармалары альбомда болмақ.
Бұл "Тұран" ансамблінің Қазақстандағы соңғы концерті болатыны рас па?
Бұл сұраққа ансамбльдің продюсері Серік Нұрмолдаев жауап берді.
"Тұран - әлем ансамблі. Ол түрлі жерлерде өмір сүре алады, алайда түп тамыры Қазақстан екенін біледі. Өйткені бәріміз осында туып өстік, тұрдық. Осы 15 жыл ішінде біз 120 қаланы шарлап үлгердік. Сондықтан барынша Қазақстанға келіп, қазақ аудиторияымен байланыста болуға тырысамыз", - деді ол.
15 жылдан аса уақытта әлемді гастроль сапарымен аралаған ансамбль халқының ұлылығын, мәдениетінің байлығын, келешегін асқақтатып келеді. Көшпенділер тарихы Нью-Йорктегі Карнеги Холл сахналарында, Вашингтондағы Кеннеди орталығының қабырғасында тыңдалды. Берлиндегі Концерт үйінің залдарында аспаптармен үндескен ансамбльге қошемет көрсетілді.
Ұжымның жұмысы беделді халықаралық фестивальдар мен байқауларда бірнеше рет бағаланды. Он бес жыл ішінде 100-ден аса қалада 3000-нан аса концерттер беріп, кейін 5 альбом шығарған ансамбль этно-фольклорлық музыка нарығының негізін салды.
"Бөлінгенді бөрі жейді, Бірігіңдер, бірігіңдер!" деген ерекше туындысы бар топ биыл тыңдармандарын жағымды жаңалықпен қуантпақ.
29 ақпанда Алматыда Республика сарайының сахнасында "Тамыр" халықаралық жобасының цикліндегі алғашқы концерт өтеді.
Мерейтойлық Tamyr концертінің концепциясы көне түркі халықтарының пайда болуына байланысты аңыздар желісі бойынша жасалған. Tamyr жобасы - 3 актілі тарих. Бұл жобаның негізгі идеясы - қазір өзінің бірлігін жоғалтқан ірі және кіші түркітілдес халықтардың халық шығармашылығын, яғни әндері мен күйлерін жаңаша өңдеу арқылы олардың бірлігін нығайту.
"Ер-Тұран" дәуірі "Тамыр" дәуіріне жалғасты. Бұл - ұлы Тұранның бүкіл ұлылығын, оның түркі мұрасын ашуды көздеген үлкен еңбек. Тыңдармандарымыз оның алғашқы бастамаларын 29 ақпанда көре алады. Біз бұл кездесуді тағатсыздана күтеміз. Жаңа концерттік бағдарлама мен жаңа альбом да құрметті жұртшылықтың үлкен ықыласына ие болады деп үміттенеміз", - дейді ансамбль мүшелері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!