Қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, шынайы шешімдер іздеуді мақсат еткен "Massaget Masele" жобасы қалың көрерменге жол тартты. Бұл жоба - өңірлердегі қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ашық айтып, қоғамдағы түйткілдерді шешуге ықпал етуге арналған жаңа алаң, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Massaget Masele" жобасының басты мақсаты - өңірлердегі әлеуметтік желілер мен республикалық БАҚ қолжетімсіз тұрғындардың үніне құлақ түріп, мәселелерді жергілікті жерге барып зерттеу.
Сондай-ақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемаларды билік назарына ұсынып, нақты өзгерістерге ықпал ету.
Шерзат қазасынан кейін жергілікті халық жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылық, тіпті "талғарлық система" барын айтып жатты. Әдетте қарақшылық, ұрлық-қарлық, бұзақылық елді мекеннің әлеуметтік жағдайы төмен екенінен белгі береді.
Біздің редакция осы түсінік қаншалық шын екеніне көз жеткізу үшін Талғардың тұрмыс-тіршілігін зерттеді. Туристік әлеуеті жоғары, инвесторлардың қызығушылығы, мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржысы бар аймақта неге мектептер жетіспейді? Неліктен аурухана күрделі жөндеуден өтпеген әрі оның санитарлық жағдайы нашар? Халық неден қорқады, "талғарлық система" деген не? Әкімдер қайда қарап отыр?
Бұл қайғылы оқиға халықтың әділдікке деген ұмтылысын арттырып, үрей мен үмітке қатар жол бастағандай болды. Massaget тұтас Талғардың тұрмыс-тіршілігін, ондағы басты проблемаларды түсіріп, бар шындықты ел аузынан естіп келді. Талғар жұрты бәрін бүкпесіз баяндап берді.
Бағдарламаның жүргізушісі - әлеуметтік мәселелерді көтеріп, қоғамда белсенділігімен танылған тәжірибелі журналист Әлібек Шынтемір. Ол - "Ұлттық арна", "31 арна" және "Алматы" телеарналарында әлеуметтік тақырыптарды қозғап, өткір сұрақтары мен бейтарап көзқарасы арқылы көпшілікке танымал.
"Massaget Masele" жобасының басты ерекшелігі - өңірлерді аралап, саяси-әлеуметтік мәселелерді тікелей халықтың өз аузынан тыңдау арқылы облыс әкімдері, аймақтан сайланған депутаттар мен Үкімет басшыларының назарына жеткізу. Жоба ауызсу тапшылығы, жол инфрақұрылымының нашарлығы, өңірдегі бюджет қаражатының игерілуі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіндегі кемшіліктер сияқты өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеруді көздейді", - деді Әлібек Шынтемір.
Жоба жетекшісі Қатира Мағдатқызының пікірінше, жоба еліміздегі барлық өңірді аралап, журналистік зерттеу жанрын басты бағыт ретінде ұстанады.
"Кез келген өңірді алып қарасақ, баспана, тозығы жеткен коммуналдық жүйе, жетіспейтін, құлағалы тұрған мектептер мен ауруханалар, ұрлық-қарлық та аз емес. Барлығы өзекті мәселеге айналған. Көкейімізде заңды сауал туындайды: кейінгі жылдары аймақтардың салықтан түсетін бюджеті өздеріне берілгені белгілі. Содан бері облыс әкімдері қаражатты қайда, қалай үлестіріп отыр? Инвестиция, республикалық бюджеттен түсетін қаражат та аз емес... Тиімді пайдаланып отыр ма? Ендеше неге халықтың көкейіндегі мәселелер шешілмейді? Міне, осы сауалдарға жауап іздейміз. Халық бізді қолдайтынына сенімдіміз, билікті де ашық диалогқа шақырамыз", - дейді жоба жетекшісі.
Айта кетейік, "Массагет" ақпараттық порталы - 13 жылдық тарихы бар, еліміздегі беделді бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Рейтингте үздік ондық қатарында. Кейінгі екі жылда портал танымдық бағыттан саяси-әлеуметтік тақырыптарға басымдық бере бастады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз