- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- мемлекеттік бағдарлама
Жаңа бағдарлама: пәтер иелері қандай өтемақы ала алады?
Алматы қаласының мәслихаты "Алматы қаласының тұрғын үйін 2030 жылға дейін Реновациялау бағдарламасын" қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл бағдарламаның мақсаты - қала тұрғындарының өмір сүру жағдайларын жақсарту, қалалық ортаны жаңарту және апатты тұрғын үй қорының ұлғаюына жол бермеу.
Бұл бағдарламаға қандай үйлер кіреді?
Бағдарлама 1930-1980 жылдар аралығында салынған екі қабатқа дейінгі тозығы жеткен көппәтерлі үйлерді, сондай-ақ аумақ пен инфрақұрылымды жаңартуды талап ететін жеке тұрғын үйлерді, өнеркәсіптік, коммерциялық және өзге де объектілерді қамтиды.
"Оны іске асыру Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес құрылыс салудың тығыздығын, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін, сондай-ақ қауіпсіздік пен эстетиканың заманауи талаптарын ескере отырып, тұрғын аумақтарды дамытуды көздейтін болады", - деді Алматы қаласының әкімдігінде.
Жаңа бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі - тұрғын үй иелерінің құқықтарын қорғау тетіктерін енгізу және тұрғындармен әрі жұртшылықпен өзара іс-қимылды жақсарту.
Ескі үйлердің иелеріне қандай өтемақы беріледі?
Ескі тұрғын үй иелері үшін өтемақының үш түрі қарастырылған:
- Айырбастау шарты: тұрғындардың санына қарамастан, "бөлме үшін бөлме" қағидаты бойынша ескі тұрғын үйді жаңасына айырбастау.
- Меншікке беру шарты: баламалы тұрғын үй жаңа үй тапсырылғаннан кейін беріледі. Бұған дейін тұрғындар уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі.
- Сатып алу-сату шарты: тәуелсіз бағалау компаниясы анықтаған нарықтық құны бойынша тұрғын үйді сатып алу.
"Ғимараттарды көшіру және бұзу барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін бірінші қабаттарға немесе лифті, пандустармен және кедергісіз кірумен жабдықталған үйлерге көшу шарттары көзделген. Мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тектоникалық ақауларда орналасқан қаңқалы-қамысты үйлер мен ғимараттарды бұзуға баса назар аударылады", - дейді әкімдікте.
2030 жылға дейін кем дегенде 676 ескі үйді жаңарту жоспарланып отыр, бұл 7500-ге жуық меншік иесін заманауи абаттандырылған пәтерлерге көшіруге мүмкіндік береді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова