Түркістан облысы Төрткөл ауылында осыдан санаулы күндер бұрын ауыл маңындағы каналдан денесі табылған Аружан Орынбаева жер қойнына тапсырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі turkistan.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Сұмдық оқиға өткен соң көп ұзамай полиция қызметкерлері Аружанды пышақтап, денесін суға лақтырды деген күдікпен сол ауылдағы 11-сынып оқушысын қамауға алған болатын. Бірақ бүгінде марқұмның туыстары күдікті жалғыз емес, оған өзінің тағы біраз қатарластарының қатысы болуы мүмкін дейді.
Олардың айтуынша, Аружанның әке-шешесі жырақ жерде жұмыс істегендіктен, ол бірер жылдан бері атасы-әжесінің қолында қалған екен. Тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы жасөспірім кейінгі кездері анасынан жиі ақша сұрап кеткен.
"Көкірегінің астына пышақ сұққан. Бір емес, екі мәрте. Содан кейін қолдарын тамырдан кесіп тастаған. Сөйтіп, судан тауып алды ғой", - деді марқұмның анасы Динара Селқараева.
Осындай қатыгездікпен қаза болған Аружан 9-сыныпты бітірген соң Астанадағы колледжге түскісі келетінін айтып жүрген екен. Анасы оның өліміне тағы бір жігіттің қатысы болуы мүмкін деп отыр. Ол - қызының сыныптас құрбысының ағасы. Көрші мектепті бітіріп кеткен ол жасөспірім қызға сөз салған.
"Үйдегілер бұл баланың кеше жаназада жүргенін айтып жатыр. Аружанды шығарып салған кезде жүрді сол бала. Әрі мына жақтағы судың қасында болған. Өлтірген жерді сумен жуған біреу, бәрін тазалап", - деп қосты анасы Динара Селқараева.
Қыздың туыстарының айтуынша, Аружан сол күні кешке үй артындағы канал маңынан шықпаған. Бұған қоса, марқұмның телефон арқылы әлдекіммен тілдесіп әрлі-бері жүргені сол маңайдағы камераға да түсіп қалған. Кейін камера объективін өрмекшінің торы торлап, көрінбей қалғаны белгілі болды. Ал таңертең арықтың маңы қанға боялған. Бойжеткеннің денесі канал бойында жасанды бөгеттен табылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!