- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа әлеуметтік нысандар...
Жаңа әлеуметтік нысандар Тәуелсіздік қарсаңында ашылады
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Ж.Түймебаевтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Отырысқа облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері және әкімдіктің тиісті сала басшылары қатысты, - деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында сөз алған Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев таяуда Әзербайжанның Шеки қаласында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 34-ші отырысында Түркістан қаласын Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданғанын қуанышпен айтып, облыс әкіміне Әзірбайжан мемлекетінің мәдениет министрінің арнайы сәлемдемесін, яғни Түркі әлемінің мәдени астанасы белгісін табыстады.
Бұл өз кезегінде, Түркістан қаласының халықаралық деңгейге көтерілуі үшін үлкен мүмкіндік екенін айтқан аймақ басшысы келер жылы Шымкент пен Түркістанда түркі әлемінің басын қосатын ауқымды іс-шаралар өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, әкім көне Түркістанның түркі әлемінде алар орны мен маңыздылығына тоқтала келе оны мәңгілікке қалдыруға қол жеткізуге мүмкіндік беретіндей абыроймен өткізу қажеттігіне назар аударды.
Мәжілістің күн тәртібінде осы жылдың соңына дейін тапсырылатын құрылыс нысандары мен облыс аумағындағы жол-құрылыс жұмыстарының жағдайы, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 1-ші бағытының орындалуы және құрылысы жүргізілген коммуналдық мәселелер жайы қаралды.
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов облыста жыл соңына дейін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілетінін мәлімдеді.
Жиында мәлім болғандай, ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа ғимараты, Төлеби ауданы Киелітас ауылдық округі Султан Рабат ауылындағы ауысымына 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ал, Түлкібас ауданында түрлі әлеуметтік 20 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 25 жылдық мерейтойға Шымкент қаласы, әкімшілік іскерлік орталығында тоғызқабатты №1,2 тұрғын үйлер мен тоғызқабатты жатақхана, Сарыағаш ауданында 4 қабатты 36 пәтерлі тұрғын үй, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында бір пәтерлі 50 тұрғын үй және Түркістан қаласында 72 пәтерлі 9 қабатты екі үй мен 60 пәтерлі 5 қабатты екі үй, Түлкібас ауданында 32 және 64 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үй тапсырлады. Және Мақтарал ауданында 125 орындық екі мектеп, Отырар, Төле би ауданындарында 6 спорт алаңшалары, басқада аудандарда білім ошақтары мен мәдениет нысандары ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары А.Әліқұлов осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен ауыз су және су бұру саласына 11,4 млрд. теңге бөлініп, 35 жобаның құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде 35 нысанның 9-ы 2017 жылға өтпелі болса, ал қалған 26 нысан кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Сонымен қатар, ол осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен газ құбырын тарту бойынша 13,2 млрд. теңге бөлініп, 34 нысанның құрылысы жүргізілсе, оның 25-і биыл ел игілігіне тапсырылатынын хабарлады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Байғұт биыл облыстық бюджет есебінен 305 нысанның немесе 638,8 шақырым жол мен 17 көпірдің құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, осы жылы 603,9 шақырым жол, 60,8 шақырым аяқжол, 17 көпір, 12 құбыр және 1 теміржол өткелі пайдалануға берілуі жоспарланса, оның 126 нысаны ел игілігіне берілген.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 562 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатқанын бандаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Құралова жобалардың 3 траншқа бөлінгенін хабарлады. Атап айтқанда, І және ІІ транш негізінде 84 жобаның 83-і аяқталса, ІІІ транш бойынша 457 жобаның 151-і аяқталған.
Күн тәртібіндегі мәселелердің жайына қаныққан аймақ басшысы Ж.Түймебаев бірқатар салалар бойынша кемшіліктердің бар екеніне тоқталып, аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер жасады. Сондай-ақ, әкім салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасына назар аударуды және құрылыстың кестеге сай өз мерзімінде аяқталуын қадағалауды жүктеді.
Жұмыстың жүйесіздігінен облыстағы салынған жолдар қайта бұзылып, газ, су құбырлары жүргізіліп жататындығын айтқан әкім алдағы уақытта жол мен көпір құрылысын салар алдында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесе отырып іс-шара жоспарын бекітуді, ал елді мекендерге берілген көгілдір отынды әрбір абономентке жеткізілуін қамтамасыз ету үшін арнайы жаспар дайындалу қажеттігін міндеттеді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жоғарыда аталған кемшіліктерді жою мақсатында тиісті сала басшыларына нақты бірқатар жүктем елер міндеттеді.
T. Кіршібаев