- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа 2024 жылға...
Жаңа 2024 жылға мақсатты қалай дұрыс қою керек? Маман кеңесі
Жылды қорытындылап, келер жылға мақсат қоятын және жоспар құратын уақыт жақындады. Алайда ойлағандарым "бәрібір орындалмайды" деп, мақсат қоймайтын адамдар да аз емес. Мақсаттардың орындалмауының себебі – оларды дұрыс қоймау болуы мүмкін. Ендеше, жылды қорытындылаудың маңызы қандай? Жаңа 2024 жылға мақсатты қалай дұрыс қоямыз? Осы сұрақтар аясында маркетолог және коуч Асанова Әсел өзінің тәжірибесін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман қазір Жаңа жыл сайын жылды қорытындылайтынын айтты.
"Менде бұрын адамдардың Жаңа жылда ғана жылды қорытындылайтынын көріп бір қарсылық пайда болатын. Ештеңе жоспарлап жазғым келмейді. Өйткені, орындалмай қалатын сияқты болады. Мақсаттарыңды жазбай жатып, жоспар құрмай тұрып, нәтижесіне мән береміз де, сөйтіп жоспарламай қаламыз. Сондай-ақ "адамдар неге Жаңа жылда ғана жоспар жасайды", "мен Наурызда жоспарлайын, туған күнімде қорытындылайын", "неге мен барлық адам жасап жатқан нәрсені жасауым керек, мен басқаша жасаймын" деген өзімнің кереғар ойларым болатын. Алайда біз күнтізбе бойынша жүреміз. Күнтізбе бойынша Жаңа жылда келер жылдың жаңа парақтары ашылады. Сондықтан мен де солай Жаңа жыл сайын жылды қорытындылап отыруды әдетке айналдырдым", - дейді маман.
Асанова Әсел өз тәжірибесіндегі қызық жағдайды бөлісті.
"Осындай оймен 2023 жыл басталған кезде жоспар жазбай қойыппын, бірақ 2022 жылы бір курсқа қатысып, жылдың басында өзім үшін мына нәрселер маңызды, мен алдағы уақытта өмірімнің мына салаларына мән беруім керек деп бірнеше пунктер жазып қойыппын. Ол кезде менде жоспарлап жатырмын немесе мақсат қойып жатырмын деген ой болған жоқ. Жай ғана курстың тапсырмасы бойынша өмірімдегі өзгерткім келетін нәрселерді жазғанмын: 6 сала бойынша 3 нәрседен, жалпы 18 нәрсе жазып қойыппын. Қазір қарасам, сол 2022 жылы жазған нәрселерімді 2023 жылы орындаған екенмін. Яғни, мен мына нәрселерді жаздым ғой, соны жасайыншы деп қарамасам да, менің миыма сигнал барған екен", - дейді коуч.
Жылды қорытындылаудың маңызы қандай?
Маман жылды жоспарламас бұрын алдыңғы жылды қорытындылауымыз керек екенін айтты. Өйткені, адам сол арқылы бағытының қандай екенін, қандай жұмыстар жасап жатқанын көреді. Кей адамдардың әрекеттері мақсатына сай емес, басқа бағытқа қарай кетіп бара жатады. Жылды қорытындылау арқылы ары қарай қалай әрекет ету керегін жақсы түсінесіз.
"Өткен жылды қорытындылау бізге алдағы жылымызға дұрыс жоспар құру үшін керек. Біз отырып ойланған кезде көп нәрсе есімізге түспейді. Сондықтан өзін ештеңе бітірмеген адам сияқты сезінеді, сөйтіп адам өзін құнсыздандырады және өзінің жасаған жұмыстарын көзге ілмейді. Сөйтіп өткен жылды қорытындылағысы келмейді. "Мен бәрібір ештеңе жасаған жоқпын, несіне қорытындылаймын" деп ойлайды. Ал шындығында бұл олай емес.
Мысалы, мен жылды қалай қорытындылаймын? Әрбір айдағы жасаған істерімді жазамын. Ай сайын не істегенімді, ұсақ-түйек нәрселерге дейін жазып жүремін. Оны мен стористің архивінен, инстаграмдағы контентімнен, галериядағы суреттерден қараймын. Солайша, не істегеніме қатысты әр айға 10-30 шақты пунк жазып шығамын. Мысалы, баламды сурет үйірмесіне бердім, өзіме жаңа орта қалыптастырдым, жаңа адаммен таныстым, күйеуіммен қарым-қатынаста өзгерістер болды, үйге бірдеңе сатып алдық және т.б. 2023 жылы мен не істедім деген сұраққа солардың ішінен ең ірі 3 жетістігімді алып шығамын. Ол жетістіктің материалды болуы міндетті емес. Адамдар жылды қорытындылаған кезде көбіне материалдық жетістіктерді тізеді, сондықтан біз "менде айтарлықтай материалдық жетістік жоқ, сол үшін жылды қорытындылаудың қажеті жоқ" деп ойлайды. Алайда барлық бұрын жасап көрмеген, өзің үшін маңызды ұсақ-түйек болса да нәрселерді тізіп шығып, соның ішінен ірілерін алып шыққан кезде өзіңнің қаншалықты ірі жетістіктер жасағаныңды көресің", - деп кеңес берді ол.
ru.freepik.com
Мақсаттар не үшін орындалмайды?
"Басында айтқандай кей адамдар мақсаттарым бәрібір орындалмайды деп ештеңе жазбайды. Ол орындалатынына миың сенбейтін және ол сенің мақсатың емес болуы мүмкін. Оны басқа адамнан көріп алған, елдің бәрі жасап жатқасын ғана жазғым келді деген оймен жазған болуыңыз мүмкін", - деді Асанова Әсел.
2024 жылға мақсатты қалай дұрыс қою керек?
"Мен келесі жылды қалай өткізгім келеді, келесі жылды қалай көремін, өміріме қандай жаңа нәрселер енгізгім келеді деп отырып толық тізім жасаймын. Егер бұрын жаңа жылға жоспар құрып көрмеген болсаңыз, мұндай тізімді өмірдің әр саласына бөліп жазған жеңіл болады. Мысалы: отбасы, қаржы, жұмыс, денсаулық, хобби, спорт, қарым-қатынас және т.б салалар.
Міндетті түрде орындауға болар еді деген мақсаттарды енді шағын мақсаттарға бөлеміз. Толық жазған мақсаттарды айларға бөлеміз. Мысалы, әр айға үлкен 4 мақсаттан алуға болады. Мысалы, бассейнге немесе биге барамын деп жазып, бірақ айларға бекітпесем, ол жасалынбай қалуы мүмкін, - дейді Асанова Әсел. - Одан кейін қаржылық жағдайыма қарай адекватты, дұрыс, миым сенетіндей етіп жоспар жасаймын.
Жоспар жасап отырған адамдарға қатысты айтатыным, егер сізде табыс көзі бір жерден түсіп тұрған болса, онлайн мамандықтардың бірнешеуін меңгеріп көріңіз. Қазір диджитализация, онлайнның заманы. Сондықтан инстаграм жүргізу, видео түсіру, сату маманы секілді мамандықтарды меңгеріп алуға болады. Қосымша табыс көздерін қарастырыңыз, мысалы, инвестиция салу, франшиза жасау, кәсіп ашу. Қазір аз уақыттың ішінде бірнеше мамандықты игеріп алуға мүмкіндік көп".
А. Жапатова"Өзіңізді зерттеңіз. Сол арқылы мақсаттарыңызға жаңа жоспарлар қосасыз. Сізді жандандыратын, шабыттандыратын, өмір сүруге құлшыныс пайда болатын жаңа мақсаттар пайда болады. Өмірлеріңізді жоспарлап, қорытындылап, мақсат қойып көріңіздер! Менің өзімде пайдаға асқан, өмірімді біразға өзгерткен әдістерді айтып бердім. Осыны оқылған күйінде қалдырмай, дәл қазір отырып ең алғашқы қадамды жасаңыз", - деп қорытындылады маркетолог Асанова Әсел.