Ұлттық Банк 28 маусымнан бастап айналымға енгізілген 10 мың теңгелік банкноттардың жалған екенін қалай анықтау керегін түсіндірді , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ретте, 10 000 теңгелік жаңа банкноталар жаппай айналымға 2024 жылдың шамамен қыркүйек айынан бастап түсе бастайды. Себебі еліміздің барлық өңіріне жеткізу және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу белгілі бір уақытты қажет етеді.
Сондай-ақ, ҚҰБ жаңа дизайндағы 10 000 теңгелік банкнотаның негізгі қорғаныш элементтерін ұсынады. Нұсқаулық азаматтарға шынайы банкнотаны жалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектеседі.
Бұл амал банкнотаның түпнұсқалығын тексеріп алуға көмектеседі.
Банкнотада рельефті қалыптастыратын – арнайы алтын интаглио баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
Банкноттың беткі бетінің шетінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар. Олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.
Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп бар. Оны жарыққа тосып қарағанда бір тұтас жіп болып анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде көк және күлгін түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық лүпілдеу әсері пайда болады.
Сонымен қатар, банкнотаның бет жағында «Барыс» артефактының көлемді бейнесі түріндегі патч қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотты аударып қараған кезде тау шыңының және номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері және сәулелердің жан-жаққа шашыраған динамикалық әсері пайда болады.
Түсі өзгермелі терезе. Терезедегі өтпелi жарықта тау шыңының сұлбасы алтын түстен көк түске өзгередi.
Банкнотаның екінші бетінде «Аузында грифондар бар Барыстың басы» артефактінің көлемді бейнесі түрінде Спарк қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.
Жеке көркемдік элементтер банкнотаға алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояуы басылған.
Жергілікті су белгісі қорғаныш элементі – электротип. Жарық түскенде номинал бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!