- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбылдың хатшысы болған...
Жамбылдың хатшысы болған Ғали Ормановтың 1939 жылғы күнделігі табылды
1938-1945 жылдары Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған ақын Ғали Ормановтың латын қарпімен жазылған күнделігі табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ғали Ормановтың немересі Айдар Қырықбайдың сөзінше, күнделік шамамен 1939 жылы жазылған.
"Латын әліпбиімен жазылған. Күнделік сол күйі сақталған. Жазуы өзгермеген. Бүгінде сол күнделік жазылған әліпбиді білетін адамдар аз екен. Сондықтан күнделікті жаңартып қойдық. Алдағы уақытта күнделікті аударуға береміз", - дейді Айдар Қырықбаев.
Оның айтуынша, күнделікті ала салып бірден оқып, түсініп кету мүмкін емес.
"3-4 рет оқығаннан кейін шамамен не жазылғанын түсінуге болады. Күнделіктің мазмұны бойынша Жамбыл атамызға кімдер келген, қандай мәселелер талқыланған деген секілді кездер жазылған. Күнделік ешқайда жарық көрмеген. Сондықтан Жамбыл атамыздың шығармашылығын зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын", - дейді Айдар.
Күнделікті Ғали Ормановтың жары Айтбала Орманова сақтаған. Кейіннен қолдан қолға өтіп, күнделік осы күнге жеткен.
"Ішінде не жазылғаны түсініксіз. Бүгінде күнделік атамыздың қызы Жамиға Ғалиқызына табысталды. Шамамен 60 беттік күнделік. Атамыз Жамбыл Жабаев өмірден өткенге дейін қасында әдеби хатшысы болды. Атамыз Жамбыл Жабаевтың аузынан шыққан өлеңдерін қағазға жазып алып отырған. Жалпы күнделікте де осындай дүниелер жазылған деп ойлаймыз", - дейді Айдар.
Айдар Қырықбай тағы бір мәселені көтере кетті. "Астанада атамыздың атына мектеп берілген болатын. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов болып тұрған кезінде бюджеттен мектептің алдына атамыздың бюстін орнату мәселесі бекітілген болатын. Оны қалалық Білім басқармасы да растаған болатын. Өкінішке қарай, мектептің алдына бюст орнату қаржысы да, бюст те жоқ болып кетті. Осы мәселені Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов назарына алса екен", - дейді Айдар Қырықбай.
Н. Үсенова