Жамбыл облысы бойынша 4 қалада жалпы 1 774 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 527-сі (29,7%) қанағаттанарлық жағдайда , 561 үй (38,6%), жөндеуден өткен болса, 686 үй (38,6%), жөндеуді қажет етеді . Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов журналистермен өткен баспасөз конференциясында айтты.
Осы жылы қайтарым қаражат есебінен Тараз қаласында 220,3 млн. теңгеге 4 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. 2024 жылы Тараз, Жаңатас, Шу қалалары мен Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылы бойынша барлығы 79 тұрғын үйді күрделі жөндеу үшін 5,9 млрд. теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.
Ал, үй алу кезегіне келер болсақ, бүгінгі күні облыста түрлі әлеуметтік топтағы 37 587 адам баспана алу кезегінде тұр.
"Биыл 10 ай ішінде 139 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде: 55 әлеуметтік осал топтағы азаматтар, 23 жетім балалар, 52 көпбалалы отбасылар, 9 бюджеттік мекеме қызметкерлері. Сондай-ақ, "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында 31 отбасы ағымдағы жылы 295 млн. теңгеге несие рәсімдеп, баспаналы болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы әлеуметтік аз қамтылған топтардың жалға алған тұрғын үйі үшін төлем тағайындауға республикалық бюджеттен 2,458 млрд. теңге және облыстық бюджеттен 15,0 млн. теңге бөлініп, оператор "Отбасы банк" АҚ есепшотына аударылды", - деді сала басшысының міндетін уақытша атқарушы.
Биылғы жылы баспана алуға 1073 өтініш келіп түскен, оның 282-сі мақұлданып, бүгінге 199 тұлғамен келісім-шарт жасалды. Қалған 38 өтініш білдіруші өз еркімен бас тартқан, 545 өтініш мақұлданбаған, 208 өтініш қарастырылу үстінде.
Тұрғын үй қатынастары саласындағы соңғы өзгерістерге сәйкес, қазіргі таңда елді мекенге бірыңғай келбет беру үшін көппәтерлі тұрғын үйлердің шатыры мен қасбетін жергілікті бюджет есебінен қайтарымсыз қаражат бөлуге мүмкіндік берілді.
Бұл бағытта ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 169,0 млн. теңге бөлініп, Шу қаласындағы 9 үйдің шатыры мен қасбеті жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 22,9 млн. теңгеге Шу қаласындағы ұзындығы 1,8 шақырым құрайтын 5 көшенің лоток жүйесі ауыстырылды.
"Жалпы, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан міндеттелген жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып келеді. Салаға қатысты барлық жобалардың іске асырылуы тұрақты бақылауда", - деп түйіндеді Дамир Сейсенбекұлы.
Материалды Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!