Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Адалдыққа бір қадам" атты акциясын бастады.
Акция аясында "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі, Жамбыл ауданы әкімдігімен бірлесіп бекітілген жоспарды жүзеге асыру арқылы 15 бағытта іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде ауданның 12 мыңнан астам тұрғынына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шаралар қатарында әр ауылдық огругте баннер орнату, тұрғындарға жадынама тарату, лед экранда бейнеролик орналастыру, "Қазпошта", "Қазақтелеком", Халыққа қызмет көрсету орталығында таратылатын газет өнімдері мен түбіртектерге және әр округтағы дүкендердегі тауар өнімдеріне стикер жабыстыру, ауылдық деңгейдегі ватсап-чаттарға бейнеролик пен таратпа материалдар жолдау, әр мекемеге "1424 call-орталығы" туралы жадынама орнату бойынша жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары арасында сауалнама жүргізіліп, нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары деген сала мамандарымен Антикор өкілдері кездесу өткізді. Аудан тұрғындарының пікірінше, жемқорлық тәуекелдері көбіне денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында кездеседі.
Сондай-ақ, "Бизнеске жол" жобасы аясында аудан кәсіпкерлерін қабылдау жүргізіліп, жобаның заңгер-волонтерлары мен "Әділдік жолы" РҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалы аудан тұрғындарына заңнамалық кеңестер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акция нәтижесі және сауалнама қорытындысы аудан әкімі жанындағы ведомствоаралық комиссия отырысында қаралып, нәтижесі бойынша бірнеше хаттамалық тапсырмалар берілді.
Айта кету керек, аталған акция агенттіктің "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда акция Талас ауданында жалғасын тауып, жыл соңына дейін барлық ауданды қамту көзделуде.