- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысының тұрғынын...
Жамбыл облысының тұрғынын інісінің құжатымен соттап жіберген
Қылмыс жасаған адам өзгенің төлқұжатымен түрмеде отыр. Ал құжат бойынша сотталған азамат бостандықта жүр. Жамбыл облысының тұрғыны жыл басында ұсақ қылмысы үшін Қызылорда қаласында ұсталып, тергеуге алынған. Алайда заң орындары оның жеке басын анықтамастан, қалтасындағы інісінің құжатымен қылмыстық іс ашып, сотқа жөнелтіп жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Осылайша, заң бойынша үш жылға сотталып, өзі бостандықта жүрген азамат қазір ешқайда шыға алмай отыр. Ол жұмысқа орналасу үшін құжаттарын қалпына келтіруді талап етеді.
"Бұл менің үлкен балам — Болатов Махамбет. Мен оның інісімін — Болатов Ержан".
Ержан Болатовтың ағасы бір жыл бұрын Қызылордаға жұмыс істеуге аттанған. Оның артынан жылы киімдерін салып жіберген анасының айтуынша, екінші ұлының құжаты байқаусызда күртешенің қалтасында кетіпті. Онда жүріп ұрлығы үшін қолға түскен оны қалтасындағы құжатпен рәсімдеп, қамауға алған. Жырақта жүрген баласынан хабар алмаған әйел оның түрмеге түскенін естіп, өзі іздеуге көшкен.
"Ол сотқа бізді шақырған да жоқ. Қолға түскенін хабарлаған да жоқ. Соттың болғанын біз білмейміз. Сонда ол баланың айтқаны: "Менің осындай айлығымды бермеді, содан амал жоқ, ұрлыққа бардым" деді. Мен емеспін, бұл менің інім деп айтқан. Сөйтіп ол тергеушілер сенбеген бе, әйтеуір інісінің құжатымен тіркеп жіберген", - дейді сотталушының анасы Венера Мұхитдинова.
Сотталушының туыстары оның ұрлық жасап ұсталғанын Тараздағы түрмеге ауысқанда ғана білген. Болған жағдайды туыстарына жеткізген ол тергеу кезінде үйге хабарлауға еш мүмкіндік бермегенін айтқан. Ал жасамаған қылмысы үшін атына қара жағылған азамат заң орындарынан оның атын ақтап алуды талап етіп отыр.
"Інімнің төлқұжаты деп айтқан. Ол кісілер оған сенбей, Махамбет емес, Ержан қылып соттатып жіберген. Негізі Ержан — мен. Қазір мені ұстап алса, "Неге еркіндікте жүрсің, сен сотталған адамсың" деп, мені алып кетуі мүмкін. Мен содан қорқамын", - дейді Ержан Болатов.
Мекеме басшылары қазір құжаттар қайта көтеріліп, тексеріс басталды дейді.
"Тергеуші келіп кеткен. Бір апта бұрын. Болатовтан түсініктеме алып кетті, қалай сотталғаны бойынша. Тексеріс жүргізіп жатыр", - дейді Жамбыл облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекеме бастығы Руслан Уразметов.
Бұған дейін құжаттан шикілік шыққанын сотталған азамат жергілікті прокуратура қызметкерлеріне хабарлаған. Мамандар сарапшылардың көмегімен сотталушының сөзінің растығын анықтапты. Осылайша, Қызылорда облысының прокурорлары бұл құжаттарды қайта рәсімдеуді бастаған.
"Бұл әу баста сотталғанмен, сұхбат жүргізгенде, бірінші ұсталған күні, бірінші оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне айтылған, сотталған адамның тарапынан. Бұл жерде қызметкерлердің кәсібилігі болмауына байланысты болмаса, бір мәні бар шығар. Оған құқық қорғау орындардың басшылары құқықтық баға берер", - дейді Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма прокуроры Асылбек Пешеков.
Мамандар құжаттарды қайта қалпына келтіруге екі айға жуық уақыт кететінін айтады. Ал мұндай олқылыққа орын берген қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан