Жамбыл облысында жұмыс сапары барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов жергілікті егіншілермен кездесті. Сеңкібай су арнасы құрылысының барысын тексеріп, вегетациялық кезеңде суды пайдалану тиімділігін арттыру шараларымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлихан Смайыловтың өңірлік ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесуі барысында субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, егістік сумен қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, құрғақшылық салдарынан болған егін шығынын өтеу туралы мәселе көтерілді.
Премьер-министр қазіргі уақытта өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлердің шығындарын өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.
"Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін барлығы есептеліп, тиісті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен субсидияларға қаржы бөлу және оларды кешіктірмей төлеу мәселесін жылдамдатып жатырмыз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының бақылауында", - деді Әлихан Смайылов.
Тағы бір мәселе "Жасөркен" гидробекетін қалпына келтіруге қатысты болды, ол суды әділетті бөліп, есепке алуға мүмкіндік береді. Премьер-министр ол үшін Үкімет резервінен 450 миллион теңге қаражат бөлу туралы тиісті министрлікке және әкімдікке тапсырма берілгенін хабарлады.
"Бұл жұмысты биыл бастау керек", - деді ол.
Тағы бір сұраққа жауап бере отырып, Әлихан Смайылов қазіргі уақытта ұңғымаларды қазуға кеткен шығындарды өтеу үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті.
Өңірде суармалы жер көлемі 181,8 мың гектарды құрайды, 2025 жылға қарай инфрақұрылым нысандарын жөндеу және 14 жаңа су қоймасын салу есебінен тағы 54,9 мың гектарды айналымға енгізу жоспарланып отыр.
Суды тиімді пайдалану мақсатында қазірдің өзінде 54,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 57 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жерасты суларын тиімді пайдалану, ұңғымаларды бұрғылау және басқа да су үнемдеу шараларын жүзеге асыру басты назарда екенін айтты.
Диқандарды ылғал үнемдейтін технологияларды қолдануға ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ол заманауи суару жүйелерін сатып алуға жұмсалған шығындардың 50 пайызын өтеуді, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуді көздейді. Бірнеше жыл ішінде 385 шаруа қожалығы 5 миллиард теңгеге көлемінде қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар жалпы көлемі 53,9 мың гектар аумақта маңызы бар суару каналдарын, дренаждық жүйелерді және басқа да құрылыстарды қайта жаңғырту және салу бойынша жобаларды пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ұзындығы 21,8 шақырым болатын Сеңкібай каналы 4 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ ҚР Премьер-министріне "Ауыл аманаты" жобасының іске асырылу барысы туралы ақпарат берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен әзірленген жоба 2019 жылы Жамбыл облысында іске қосылып, өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін дәлелдеді. Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында облыс бойынша оны жүзеге асыруға 42,3 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 50 ауылдық округтен 11 мыңға жуық адам өз кәсібін ашты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!