- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысындағы төтенше...
Жамбыл облысындағы төтенше жағдай: жолда қалған 500-ден аса адам пойызбен тасымалданады
Жамбыл облысында қолайсыз ауа райында жолда қалған 500-ден аса жолаушы пойызбен сапарын жалғастырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жамбыл облысындағы ауа райына байланысты төтенше қызметтер алыс сапарлардан бас тарту туралы ескерту жасап жатыр. Дегенмен көпшілік көліктермен және автобустармен жолға шығып, Алматы – Шымкент, Алматы – Қызылорда тасжолдары бойындағы кептелісте қалып қойып жатыр.
"Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жүргізген іс-шаралар барысында жолаушылар пойызбен межелі жерлеріне жетуі үшін Шу және Тараз теміржол вокзалдарына жеткізді. Жолаушылар пойыздарының тұрағы кезінде бұл станциялардағы желілік полиция бөлімдерінің қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жолаушылардың пойызға отыруына көмектесті. Бұл жұмысқа 160-қа жуық полицей жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Қазір 500-ден аса азамат жолаушылар пойызына отырғызылып, сапарларын аман-есен жалғастырып жатыр. Жолаушылар арасында қарт адамдар, әйелдер мен балалар болды. Сондай-ақ, Алматы - Шымкент бағытындағы автобус рейсімен жолға шыққан Өзбекстан Республикасының 150 азаматы да бар. Олардың көпшілігі өте жұқа киінген. Көлік полицейлері "ҚТЖ" ҰК АҚ қызметкерлерімен бірлесіп, осы азаматтардың пойызға отыруына көмектесті.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова