Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты бірге борышын өтеген сарбаз күдікті деп танылды. Әскери прокуратурада сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің кінәсін дәлелдейтін материалдар жиналғанын мәлімдеді. Бұл істің нүктесін сот қояды, - деп хабарлайды "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
"Екі сарбаз да бір бөлімде болған. Қателеспесем, Аманжолов Атыраудан, ал Қалбай Маңғыстау облысынан. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, туыстары лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту керегін айтқан. Бүгінгі таңда бөлім командирі қызметінен босатылды, өзге де лауазымды адамдар тексеріліп жатыр", – деді Бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахмет.
Еске салайық, маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай әскерге шақырылғанына бірнеше күн өткенде қайтыс болды. Оқиға Жамбыл облысы Қордайда болған.
Ол 22 сәуірде Гвардейский кентіндегі қалалық типтегі әскери ауруханада қайтыс болған еді.
"Сарбаз таңертең сапқа тұру кезінде талып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілді. Алайда ол есін жимастан қайтыс болды. Жауынгердің қайтыс болу дерегі бойынша тексеру басталды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы Күштердің жеке құрамы Әлібек Қалбайдың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - делінген хабарламада.