Жастардың жатақханамен қамтамасыз етілуіне ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Бес әлеуметтік бастамасы" тың серпін беріп отыр. Қазіргі таңда ел аймақтарында жаңа студенттер үйінің іргетасы қаланып, тіпті алғашқы қатары беріле де бастады.
Елбасы ұсынған "Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту" жайын "Нұр отан" партиясы өз бақылауында ұстап келеді.
Еліміздегі студенттер саны 500 мыңға жуық. Оның ішінде 41 пайызы өзге өңірлерде оқитын жастар. Өткен жылы 85 мыңнан жоғары студент жатақханаға зәру болған. Оның жартысынан көпшілігі мемлекеттік жоғары оқу орындарында білім алушылар.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмысы Жамбыл облысында да қызу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда облыстағы үш жоғарғы оқу орнының екеуінде (ТарМУ-804, ТарМПУ-460) жалпы сыйымдылығы 1264 орынға арналған жатақханалары бар. Мұның өзі студенттер үшін жеткіліксіз. Облыста әлі 1637 студент үшін орын қажет.
Таразда 2020 жылға дейін мемлекеттік-жекешелік серіктестігі аясында 1650 орындық 3 студенттік жатақхана салу көзделген.
Тараз мемлекеттік университетінде 11 726 студент білім алады. Әлі де 650-ден астам орын қажет-ақ. Қазіргі таңда жатақхана соғуға инвестор ("ПИКО" ЖШС-і) анықталып, 500 орындық ғимараттың құрылысы басталған. Студенттердің жаңа жайлы қонысы Қ.Сәтпаев көшесі соңындағы корпус маңында бой көтеруде.
Тараз мемлекеттік педогогикалық университеті де жатақхана мәселесін шешуге асық. 0,7 гектар жерде 500 орындық (5 қабаттан тұратын) жатақхана құрылысын бастауды жоспарлауда.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті Елбасының бастамасын жүзеге асырған өңірдегі алғашқы білім ордасы. Тараз қаласы аумағынан бұрынғы "Тараз" қонақ үйін сатып алу арқылы жатақхана мәселесін шешіп отыр.
Жамбыл облысындағы жатақханалардың жай-күйі "Нұр Отан" партиясымен қатар өңірдегі "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" назарынан да тыс қалған емес. Бұл орталық азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға мол септігін тигізіп келеді. Сондай-ақ "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру бойынша "Азаматтық бақылау" қоғамдық мониторингін жүргізу" атты жобасын биыл сәуірден бастап жүргізе бастады.
"Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық қаржыландыруымен "Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі сегіз ай бойы өңірде "Азаматық бақылау" қоғамдық мониторингісін жүргізетін болады.
Қоғамда кей мемлекеттік жобаларды жұрт жете түсінбей жатады. Мұндайда кері байланыс ауадай қажет. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен құрылған "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ бұл істі жоғары дәрежеде атқарып келеді.
7-20-25 бағдарламасы, жалақының көтерілуі, шағын және орта бизнесті несиелендіру, ауыл аймақты газдандыру және студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша сауалдарды осы орталыққа жолдауға болады. Арнайы Call-орталығына (8 800 080 77 50) қоңырау шалып, сұраққа жауап алу жолдары да қарастырылған. Одан өзге ресми сайттары арқылы өтініштер қалдыруға болады.