- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысындағы әскери...
Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылысқа қатысты жаңа деректер айтылды
Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан келген шығын көлемі 26 миллиард теңгеден асып жығылды. Бұл сома кімнің мойнына жүктелетіні әзірге белгісіз. Бұл дерек Таразда өтіп жатқан әскери сотта белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
- Ғимарат, техника, оқ-дәрілер кеткен. Бәрін есептегенде 26 миллиард теңге көлемінде ғой.
- Кімнен өндіріледі?
- Енді үкім бойынша ғой, мен қазір айта алмаймын. 26 миллиард тұр. Сот шешімімен белгілі болады. Келесіздер, көресіздер, - дейді Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы Бөрлібай Қайыпов.
Сот процесінің өтіп жатқанына екі айға жуықтады. Бүгінге дейін жалпы саны 250 куәгерден жауап алынған. Күніне кемі алты адамнан сұралады. Жәбірленуші мен куәгерлердің көп болуына байланысты сот отырысы күнде өтіп жатыр. Арасында Қорғаныс министрлігінің бұрынғы және бүгінгі лауазымды әскерилері бар.
Ал қоймадағы жарылыс ісі бойынша алты адам айыпты деп танылған. Оның екеуі қатардағы жауынгер болса, төртеуі - офицер. Біреуі оқ-дәрілер жарылған әскери бөлімнің командирі. Олар салғырттық және қару-жарақты сақтауда қауіпсіздік ережелерін ескермеу бабымен жауап беріп жатыр.
Еске салайық, екі жыл бұрын Байзақ ауданындағы әскери бөлімде алапат жаралыс болып, 18 адам қаза тапқан. Олар әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері. Тағы 100-ден аса адам жараланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина