Жамбыл облысында ұялы телефон ұрлығы бойынша 27 адам ұсталған

Жамбыл облысында ұялы телефон ұрлығы бойынша 27 адам ұсталған
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Жамбыл облысында полицияның жедел әрекеті телефон ұрлығының алдын алды. Өңір полициясы мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Таксиде қалған телефон бір сағатта табылған

Тараз қаласының тұрғыны такси қызметін пайдаланып, жұмысына барғаннан кейін ұялы телефоны көлікте қалғанын байқап, басқа нөмір арқылы хабарласқан. Алайда такси жүргізушісі қоңырауға жауап бермеген.

Осыдан кейін азамат 102 арнасына хабарласып, көмек сұраған. Полиция қызметкерлері хабарлама түскен бойда жедел әрекет етіп, бейнебақылау камералары арқылы таксидің қозғалыс бағытын анықтаған.

"Іздестіру шаралары нәтижесінде көлік қысқа уақыт ішінде анықталып, ұялы телефон көлік ішінен табылды. Жүргізуші көлікте телефон қалып кеткенін байқамағаны белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.

Тұрғын полиция қызметкерлерінің есімін де сұрап үлгермегенін айтып, олардың жеделдігі мен адамгершілігіне ризашылығын білдірді. 

"Телефонымды жоғалтып алған кезде қатты алаңдадым. Полиция қызметкерлері бір сағат ішінде тауып беріп, жұмыс орныма дейін жеткізді. Осындай адал қызметі үшін шын жүректен алғысымды білдіремін", - деді өңір тұрғыны.

Ұялы телефон ұрлығы бойынша 27 адам ұсталған

Айта кетейік, облыста ұялы телефон ұрлығы 50 пайызға төмендеп, мұндай қылмыстарды ашу көрсеткіші 69,2 пайызға жеткен. Жыл басынан бері ұялы телефон ұрлығы бойынша 27 адам ұсталған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget