Жамбыл облысында рекордтық деңгейде шыққан қызылша шіріп кетуі мүмкін

Былтыр ғана 100 мың тонна пиязды қоқысқа төккен Жамбыл облысының диқандары биыл қант қызылшасын да далаға тастауы мүмкін. Себебі аймақтағы пісіп тұрған тәтті түбірдің барлығын зауыт қабылдауға қауқарсыз. Қазір жүзге жуық жүк көлігі қант зауытының алдында бірнеше күннен бері тізіліп тұр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Бірнеше апта бұрын ғана "қызылшамыз рекордтық деңгейде шықты" деп қуанған шаруалар қазір алқап басында алаңдаулы. Себебі зауытқа жіберген жүк көліктері 4 күннен бері кезек күтіп, өнімін өткізе алмай тұр. Қазір тонналаған қызылша алқап басында жатыр. Мәселен, Байзақ ауданындағы 2,5 мың гектарға егілген тәтті түбірдің 400 гектары ғана қазылған.

"Өнім өте көп болды. Соның әсерінен күніне 12-ақ гектардан өткізіп жатырмыз. Әлі 2,5 мың гектар бар. Сонда айына 360 гектар ғана өтпек. Ал 2,5 мың гектарды 8 ай істеуіміз керек қой", – дейді күйінген шаруа қожалығының жетекшісі Рабжан Ғайнудинов.

"Жыл басында, қаңтарда жиналыс болған. "Ексеңдер болды, бәрі өтеді" деді. Біз ектік. Ешкім "екпе, бүйтпе" деген жоқ. Жағдай мұндай болады деп ойлаған жоқпыз. Жаңғырту жұмыстары мүлдем жасалмаған. Әйтпесе, қанша гектар егілетіні қаңтарда белгілі болған еді. Бәрі жиналып, 10 рет жиналыс өткізген еді", – дейді шаруа Бақтияр Төребеков.

Расында, биыл аймақта тәтті түбір өнімі 600 мың тоннадан аспақ. Бұл былтырғымен салыстырғанда үш есеге көп. Облыста екі қант зауыты болғанымен, Меркідегі зауыт қана қызылшаны қайта өңдейді. Бірақ оның өзінің қуаттылығы 450 мың тоннаға шақталған. Бұған дейін күніне 3,5 мың тонна қызылша қабылдаған зауыт кезек көбейгендіктен 5 мың тоннаға дейін ұлғайтыпты.

"Жамбыл облысында екі қант зауыты бар. Зауытты қосу керек. Біз үлгермей жатырмыз. Бұрын 30 қарашада тоқтатушы едік. Енді желтоқсанның соңына дейін бір-ақ созылатын сияқты. Облыс бойынша 150 ауыл шаруашылық қожалықтарымен келісімшартқа отырдық, солар тасып жатыр", – деді Меркі қант зауытының бас директоры Нұржан Қарғабаев.

Ал аймақ басшылығы зауыт жеке болғандықтан, 24 сағат жұмыс істе деуге құқығымыз жоқ деп отыр. Сондықтан қордаланған бар мәселені Үкіметке баяндапты. Ондағылар арнайы комиссия құрып, бірер күнде тексеріске келмек.

"24 сағат жұмыс істейміз деп кеткен. Бірақ айтып отырмын ғой. Зауыт міндеттемелерін орындамай отыр. Сол үшін бұл мәселені Үкімет деңгейіне шығардық. Қазір комиссиясы келсе, 2 күнде анықтайды. Одан кейін барып міндетті түрде басында келіскен келісімге келеміз деп ойлаймын. Жаңадан жұмыс кестесін жасаймыз. Күніне 2-2,5 мың тоннаны осы 3 ауданға лимит ретінде алатын боламыз", – деді облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек.

Қызылшаның мәселесін шаруалар бір ай бұрын көтерген. Ол кезде ауыл шаруашылық басқармасындағылар Ақсу қант зауытымен келісімге келдік депті. Бірақ ондағы зауыттың тым алыс боларын есепке алмаған сыңайлы. Енді өнім егістік басында шіріп кетпес үшін көрші қырғыз елінің зауыттарымен келіссөз жүрмек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!