Жамбыл облысы Шу станциясында пойыз тіркемесі басып кеткен 46 жастағы әйелдің жағдайы ауыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Бас сүйегі зақымданып, қабырғасы мен омыртқасы сынған әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жантүршігерлік жағдай үш күн бұрын Шу бекетіндегі өткелде болған.
Теміржол бекетінің бейнекамерасына түсіп қалған бейнежазбадан жүк пойызын өткізген әйелді өздігінен жүріп келе жатқан жүксіз платформа басып кеткені көрінеді. Ол сол сәтте өткен жүк пойызынан ажырап қалған болуы мүмкін. Қазір контейнертасығыш қалай, қайдан келгені тексеріліп жатыр.
Көлік полициясы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ал зардап шеккен әйелдің қазіргі жағдайы өте ауыр.
"Шокқа қарсы ем жасалып жатыр. Нейрохирургтармен және басқа да мамандармен кеңес ұйымдастырылып, емдеу жоспары келісілді. Қазір науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, жолды көтере алмайды. Сондықтан облыс орталығына апара алмаймыз", - деді Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасының емдеу бөлімінің дәрігері Қахраман Сафаров.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова