Жамбыл облысында өткен көкпарда дау шығып, іс сотқа жетті

Жамбыл облысында өткен көкпарда дау шығып, іс сотқа жетті
Фото: depositphotos.com

Жамбыл облысында өткен көкпарда дау шығып, іс сотқа дейін жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жуалы аудандық сотында ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлімі "Ұсақ бұзақылық бойынша Б. және Ө-ға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.

Оқиға қалай болған?

2024 жылы қаңтарда Ертай ауылында ауылдар арасында өткізілген көкпар ойынында Ө. мен Б. ауыл тұрғындарының көзінше бір-бірін балағаттап, айналасындағыларға құрметсіздік көрсеткен.

Б. өзінің түсініктемесінде О-ның атының басы бетіне тиіп жарақат алып, нәтижесінде екеуінің арасында жанжал басталғанын көрсеткен.

Сот шешімі

Cот отырысында өңір тұрғындары кінәларын толық мойындап, іс-әрекеттеріне өкінетінін көрсеткен.

Сот қаулысымен Ө. мен Б. ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсына 78 мың теңгеден аса айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, былтыр Көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасындағы ойында қақтығыс болған еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget