Жамбыл облысы Ақтоған ауылының оқушылары мәдениет үйінде білім алып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюроға" сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, білім ошағының құрылысы әлі бітпеген. Нысанға 600 бала әрең сыйып отыр. Елді мекен жұрты бұл жағдай білім сапасына кері әсер етеді деп қынжылады.
Ал мектеп басшылығы амалдың жоқтығынан осындай қадамға бардық дейді. Күрделі жөндеу жұмыстарына 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бірақ мектеп 1 қыркүйекке дейін бітпеген.
Оқушыларға мәдениет үйінің дәлізінде дәріс, сахнасында сабақ өтеді екен. Аудан басшылары 648 оқушыны 33 сыныпқа сыйдырудың амалын таппай әлек болыпты. Амалсыз осындай аядай жерді шымылдықпен бөлуге мәжбүр болған.
"Мәдениет үйінің дәлізінде үш оқу кабинеті жасақталды. Мына жерде 4-ші "Ә" сынып және 2 "А" сыныбы оқиды. Екі сынып. Біреуі түске дейін, біреуі түстен кейін. Екі ауысымда. Бұл жерде 4-ші "А" оқиды. Бізге Білім бөлімі тарапынан құрылыс материалдары берілді. Өзіміздің тарапымыздан қажетінше өзгертіп, ыңғайлап жасап жатырмыз", - дейді №4 Тілеміс батыр орта мектебінің директоры Ілияс Жүнісжанов.
Ал ауылдықтар құрылысы кеш басталған оқу орнының ахуалына кіжінеді. Жұрт айқан мектепте қазір бала емес, құрылысшылар қаптап жүр. Ал мердігер компанияның өкілдері келісімшарт бойынша кестеден қалған жерім жоқ, қайта уақытынан бұрын бітіруге жанталасып жатырмыз дейді. Жұмыс барысындағы жылдамдық сапаға еш әсер етпейді деп сендіреді.
"Жоқ, ондай жоқ! Бізде техникалық қадағалайтын фирма бар, тексеріп тұратын. Авторымыз, тапсырыс берушілеріміз бар келетін. Бәрі бізді құрылыс нормалары мен ережелері бойынша қадағалап, сол бойынша жұмыс жүргізіп жатыр", - дейді "Тараз құрылыс инвест" ЖШС өкілі Әділбек Әбдірәсілов.
Ал білім бөлімінің басшысы құрылыстың кеш басталуына біз емес, мемлекеттік сатып алу ісінің "құлағында" отырғандар кінәлі дейді.
"Білім беру ұйымдарына күрделі жөндеу жұмыстарын уақытында бастау үшін жаңа жылда, яғни қаңтар айынан мемлекеттік сатып алу процесі басталса дұрыс болар еді. Біз қаңтар айынан бастап өтініш береміз. Бірақ әртүрлі себептен, кеш ойнатылды", - дейді Меркі аудандық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!