Жамбыл облысында перзентхананың екі акушері жаңа туған нәрестені сатқаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыс сотына сілтеме жасап.
Бұл оқиға былтыр қарашада болған еді. Жәбірленуші жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтату мақсатында аурухананың перзентхана бөлімінің акушері Б.-ға хабарласқан. Қыздың жүктілігін отбасынан жасырғанын түсінген Б. әріптесі Ю.-дан қыз босанғаннан кейін баланы сатуға көмек сұраған.
Өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін акушерлер жәбірленушіні алдап, жаңа туған нәрестені біреуге 1,5 миллион теңгеге сатқан.
Жәбірленушінің заңды өкілі, куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындысы және заттай дәлелдеме арқылы сотталушылардың кінәсі дәлелденген.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, прокурор сотталушыларды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар кінәсін ішінара мойындаған.
Бұл қылмыс бойынша, Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөліміне сәйкес 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде бір сотталушының балалары бары ескерілген. Қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін, сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлімінің талаптарын ескере отырып, сотталушылар 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!