- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысында мектептің...
Жамбыл облысында мектептің төбесі опырылған: оқушылар қашықтан оқуға мәжбүр
Жамбыл облысы Мыңарал ауылындағы мектеп оқушылары қашықтан оқып жатқанына бір аптадан асты. Өйткені мектептің акт залының төбесі опырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
24 қаңтарда түнгі сағат 1:00 шамасында мектептің акт залының төбесі опырылып, мектеп басшылығы сабақты уақытша қашықтан оқыту формасына көшіруге мәжбүр болған. Сонымен қатар, білім ошағында нысан ауқымындағы төтенше жағдай жарияланған.
"Кенесары Қасымов атындағы орта мектеп 480 орынға арналған. Іргесі қалғанына 50 жыл болды. Қазір білім мекемесінде 175 оқушы бір ауысымда білім алып жатыр. 34 педагог осы білім мекемесінде еңбек етеді", - дейді мектеп директоры Төлеукүл Кәрібаева.
Мектеп ғимаратының толық жағдайына талдау жасау үшін мекеме "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институты" акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан филиалымен келісімшарт жасасқан. Алайда "ҚазҚСҒЗИ" АҚ филиалының қорытындысы әлі шықпаған.
"Оқушыларды әрі қарай қалай оқытатынымызды қорытындыға қарай шешеміз. Қазір барлық сынып онлайн оқып жатыр. "ҚазҚСҒЗИ" АҚ мектептің қалған бөлігі жарамды деп тапса, оқушылар мектепке оралады", - дейді Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева.
Мектеп директоры қорытынды бірер күнде шығатынын, күтіп отырғандарын айтты. Оның сөзінше, бұл білім ошағы бұрын апат жағдайындағы мектептер тізіміне енбеген. 1972 жылы салынған ғимараттың қабырғасы кірпішпен қаланған.
Айта кетейік, оқиға түнде болғандықтан, ешкім зардап шекпеген. Сондай-ақ, 2018 жылы ғимарат қазандығы сыртқа шығарылып, реконструкциялық жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz