Жамбыл облысындағы мектепке "Томирис" лақап атымен белгілі бақсы келген. Мектеп мұғалімдерінен балгермен кездесуге 4 мың теңгеден жинаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желідегі ақпарат бойынша бақсының 4 метрлік шлейфі бар көйлегін оқушылар сүйреп жүрген. Ең қызығы, ол мектепке көмектесемін деген оймен мектепке жыртылған киім, сынған ойыншықтар мен іске жарамайтын компьютер берген көрінеді.
Бақсы ішімдік пен есірткіге тәуелділіктен емдейді-мыс. "Томирис" мектепке "материалдық көмектен" бөлек 500 мың аударамын деп уәде берген. Алайда ол ақшаны аудармаған. Ал мектеп мұғалімдерінен 4 мың теңгеден жинаған.
Желідегі ақпаратқа сәйкес бұл кездесуді аудан әкімдігі ұйымдастырған көрінеді.
Бұл дерекке қатысты Жамбыл облысының білім беру басқармасы жауап берді.
"Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектеп басшылығының мәліметінше, мектеп түлегі Көпбаева Гүлсара Суазқызы аз қамтылған отбасынан шыққан 100 оқушыға қайырымдылық жасайтынын айтқан.
29 тамызда Тереңөзек ауылындағы Мәдениет үйінде "Туған жерге тағзым" атты акция өткен. Акцияға ауыл тұрғындары да қатысқан. Бұл дерек бойынша Білім басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр және қажетті шара қабылданатын болады", - дейді басқарма өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!