Жамбыл облысында лауазымды дәрігер сотталды

Жамбыл облысында қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігерінің орынбасары сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жай

Тараз қалалық соты Жамбыл облысының қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық және әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары С.Шаушенова мен бас бухгалтер А.Достаеваға үкім шығарды.

"Олар "Қайрат Құрылыс-ҚК" ЖШС аффилирленген кәсіпорнына жалған құжаттар бойынша заңсыз аудару жолымен 758 млн теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, бас дәрігердің орынбасары қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша да сотталды.

Сот үкімі

Сот үкімімен Шаушенова 9 жылға, Достаева 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталғандар қаржылық қызметке байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзімге атқару құқығынан айырылады.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!