- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысында "Қазпошта"...
Жамбыл облысында "Қазпошта" шатыры басып қалған әйел еміне қаражат талап етті
Жамбыл облысында "Қазпошта" ғимаратының шатыры басып қалған әйел төрт айдан бері төсек тартып жатыр. Дүлей дауыл кезінде жарақат алған науқастың өкпесі жыртылып, қабырғалары мен омыртқасына зақым келген. Оны аяққа тұрғызуға отандық медицина дәрменсіз болып тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
57 жастағы Рәбиға Сүлейменова Түркияда емделіп жатыр, бірақ қаржыдан қысылған отбасы науқастың ем-домын "Қазпошта" мойнына алсын деп талап қойды.
"Біздің өзіміздің ауылда тұратын үйіміз 1960 жылы салынған. Егер ұшатын болса, біздің шатырымыз ұшуы керек еді. Бұл салғырттықтың кесірінен басқа адамдардың да осылай зардап шекпеуін қалайтын едім. Егер осындай салғырттық болмағанда, ол шатыр жөндеу жұмыстарынан өткізілгенде бұндай жағдай болмас еді. Оқиғадан кейін екі айдан соң ғана бізге 7 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Алайда ол менің бір айлық талабым болатын. Менің талабым - анамды аяққа тұрғызу, басынан аяғына дейін емін қамтамасыз ету", - дейді жәбірленушінің қызы Асылай Имағанбетова.
Оқыс оқиға 5 мамыр күні Жамбыл ауданы Аса ауылында болған. Дүлей дауылда ғимараттың шатыры шыдас бермей, өтіп бара жатқан Рәбиға Сүлейманованы басып қалады. Жұлынына қатты зақым келген әйел бес күн жансақтау бөлімінде жатып, кейін ота жасалған.
Дегенмен оны аяққа тұрғызу қазақстандық дәрігерлердің қолынан келмеген. Сондықтан науқастың қызы Түркияға емдетуге алып барыпты. Ал "Қазпошта" басшылары қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз жоқ дейді. Сондықтан жәбірленуші сұраған ақшаны тауып бере алмаймыз деп отыр.
"Біз келіспейміз. Енді форс-мажор деп айтып жатырмыз ғой. Жаңағы айтқандай, 10 жыл бойы шатыр қатты желдерден аман-есен қалып жүрген жайы бар. 2020 жылды "Қазпошта" ұжымы едәуір шығынмен бітірді. 11 миллиардтан астам. Сол шығынға қарамастан, осындай көмек көрсетіп отыр. Енді бұдан былай моральдық көмек көрсетпесек, келген кезінде материалдық көмек көрсету әзірше қиын болып тұр", - дейді "Қазпошта" АҚ Жамбыл облысы филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан