- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жамбыл облысында кәсіпкер...
Жамбыл облысында кәсіпкер орталық алаңда мал бордақылап, бау-бақша еккен
Жамбыл облысында орталық алаңды сатып алған кәсіпкер онда мал бордақылап, егін еккен. Орталық алаң жекенің қолына өткелі жаңарудың орнына ондағы ғимараттар сүріліп, кірпіш зауыты салыныпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сарысу ауданының тұрғындары 27 жыл бұрын жекеге өткен алаң мемлекет меншігіне қайтарылсын деп отыр. Өйткені жеті мыңнан аса халқы бар ауыл жастары спортпен шұғылданатын жер таппай жүр екен.
Саудакенттегі алаңды сатып алған кәсіпкер "Жастар стадионын" жаңартып, жасөпірімдерге жағдай жасаймын деген желеумен әкімдік пен халықты иландырады. Алайда жекеге өткелі жасыл алаңға жан баласын жолатпаған. Спорттық мақсатта алуын алып, стадионды шаруақожалыққа айналдырып жіберген дейді жұрт. Ауылдықтардың айтуынша, пайдасын көріп, табысын тауып алған соң өзге кәсіпкерге сатып жіберген. Қазір қолдан қолға өтіп жүр.
"Есіктің бәрін жапты. Балаларды кіргізбеді. Ғимараттардың бәрін бұзды. Кірпіш зауыт қылды, біресе мал бордақылады. Бұның ішіне қауындарбыз да екті. Әртүрлі заттар егіп, сиырларына жем қылу үшін сондай тірлік істеді", - дейді Саудакент аулының тұрғыны Сейітхан Әбіғалұлы.
"Бұл жерде іс шаралар өтіп тұратын. Облыс көлемінде спартакиадалар өткізілетін. Гүлгүл жайнап тұратын. Ал қазір ауылда үлкен футболды ойнайтын жер жоқ. Өйткені үкіметтің кішкентай кортын соғып берген. Мини футболға. Оған үлкен балалар сыймайды", - дейді тағы бір тұрғын Нұржан Есмахан.
Бау-бақшаға айналған стадионнан қазір қос қақпа ғана қалған. Ал стадионды бес жыл бұрын сатып алған үшінші қожайын қаржылай қиындықтарға байланысты жоспарын жүзеге асыра алмағанын айтады.
"Шамамен 7,5 миллионға алдық ол жерді. Халыққа қатты керек боп жатса, халық наразы боп, жерді берсін деп жатса, құдай қаласа, дайынбыз, ойланып көруге", - дейді кәсіпкер Бекзат Нұрсүлейменов.
Ал әкімдік кәсіпкерден стадионды тегін сұрап көндіре алмаған соң, демеушілердің көмегімен сатып алуға кірісіпті.
"Ауылдың көне көз қарияларының айтуынша, 10-15 мың теңге көлемінде сатылған жекеге. "Жастар стадионынының" қазіргі қожайынымен келіссөз жүргізілуде. Келешекте 8-10 млн теңге көлемінде біз демеушілердің есебінен ауданның теңгеріміне алуды жоспарлап отырмыз. Биыл болмаса, келесі жылдың басында міндетті түрде теңгерімге аламыз", - дейді Сарысу ауданы әкімінің аппарат басшысы Құдайберген Рысдәулет.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан